100-ге жуық техника, 150 жұмысшы. Өскеменде қар тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр
Кеше кешке сағат 21.00-де басталған қар әлі толарсыз жауып тұр.Коммуналдық сала мамандары кезекшілікпен тоқтаусыз жұмыс істеп келеді.
Ал соңғы тәулікте Өскеменнің өзінде жағдай тіпті қиындап кетті. Әсіресе қаланың шетіндегі шағын аудан тұрғындары омбы қардан аялдамаға жете алмай жүр. Бірнеше жолақты орталық көшелердің өзінде кептелістен көліктер керуені түзілді. Күні-түні жауған қар трамвайдың рельсін де басып қалды. Сондықтан 150-ге жуық жұмысшы жолдағы қарды күрекпен ойып жүр.
- Түнімен жапты. Әлі жапалақтап жауып тұр, - дейді «Таза Өскемен» коммуналдық ұйымының жетекшісі Тимур Екибасов. – Біз алдымен тайғаққа қарсы материал сеуіп, содан кейін тазалауды бастадық.
Қазір қаланың көшелерінде 85 қар күреу техникасы, 13 автогрейдер, ал жаяу жүргіншілер жолы мен аялдама кешендерін 150-ге жуық жұмысшылар күрекпен тазалап жүр.
Тимур Екибасовтың айтуынша, техникалардың барлығы жан-жаққа бағытталған. Алайда жағдайды жылы ауа-райы мен тоқтаусыз жауған қар қиындатып тұр.
Синоптиктердің болжамы бойынша, қардың жаууы тағы бір күнге созылады, демек, қала тазалығына жауаптыларға әлі де тыным жоқ.