"Біреуге хабарласып алайын, бере тұршы". Телефон ұрлаған Семей тұрғыны ұсталды
Семей қаласында полицейлер ұялы телефонға қатысты қылмысты ашты, деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі
Мәселен, өткен жылдың 29 желтоқсанында Семей қалалық орталық ПБ-на 19 жасар қыз бала алаяқтық фактісі бойынша хабарласты.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиға қаланың сауда үйлерінің бірінде болған. Бейтаныс жігіт қызға келіп, жедел түрде біреуге қоңырау шалу керек деп, ұялы телефонын сұрап қашып кеткен. Келтірілген материалдық шығын 150 000 теңге құраған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 23 жасар қала тұрғыны анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Қаскүнем кінәсін мойындап, заңсыз алынған затын кейінірек ломбардқа тапсырғанын жеткізді.
- Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде. Ломбардтың кепіл билеті тәркіленді. Алаяқтық факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу әрекеті жүріп жатыр, - деді ШҚО ПД баспасөз қызметінде.