KZ
Өскемен
-14°
ясно жел 1 м/с, С
504.76 593.8 6.5

Өскеменде «А» вирусты гепатитіне байланысты жұрт дүрлігіп жатыр

10.04.2023, 20:05 741

Өскеменнің мектептерінде гепатит А инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелді. Ата-аналар қауымы бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр.

Қазір әлеуметтік желідегі ата-аналар чаттарында вирустық гепатит тарағаны туралы айтылып, жұрт дүрлігіп жатыр. Себебі оқушыларға осы вирусқа қарсы салынатын міндетті екпе Қытайда өндірілген деседі. Ата-аналарды алаңдатқан мәселе де осы боп тұр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Нақтырақ айтсақ, гепатит А инфекциясын жұқтыру дерегі қалалық №46 және №48 мектептерінде тіркелген екен. Altaynews.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап білді.

Аталған мектептерді қадағалайтын Ана мен бала орталығындағы амбулаториялық емханалық қызметінің басшысы Еркін Нұршайханның мәліметі бойынша, №48 мектептің оқушысынан 6 наурызда вирусты гепатит А инфекциясын анықтауға ПЦР және иммуноферменттік анализ үшін қан алынған. Баладан ВГА анықталып, 7-17 наурыз аралығында Балалар инфекциялық ауруханасында стационарлық ем қабылдады. Қазіргі уақытта оқушы сабаққа жіберілгенімен, әлі де дәрігердің қарауында. Оның сыныптастары да 13 сәуірге дейін дәрігердің жіті бақылауында болады.

Ал келесі дерек №46 мектепте анықталған. 7 сәуір күні мектеп оқушысынан инфекция анықталып, оқшауланды. Жеткіншекпен қатынаста болған балалар 35 күн бойы дәрігерлердің бақылауына алынады.

Осы себепті аталған мектептерде екпе алу науқаны жүріп жатыр екен. Бұл ретте екпенің сапасы ата-аналардың күдігін тудырған көрінеді. Бірқатары екпеден бас тартып та жатыр. Аурудың таралуының алдын алу үшін Гепатит А вирусына қарсы екпе (Healive) ұсынылды. Дәрігердің айтуынша, ол инактивирленген вакцина екен. Өндіруші – қытайлық Sinovac Biotech компаниясы. Біздің елімізде б9 л екпе ресми тіркелген. Вакцинаны 6 ай аралықпен 2 рет бұлшықетке салады.

Екпе алу міндетті ме?

Гепатит – бауырды зақымдайтын инфекция. Ал Гепатит А – фекальдық жолмен тарайтын ішек инфекциясы. ВГА-ның спецификалық арнаулы профилактикасы – вакцинация.

Екпені 2 жасқа толған балалар, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша байланыстағы немесе қауіпті топтардағы бұрын вакцина алмаған 14 жасқа толмаған балалар салдырады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің  2020 жылғы 24 қыркүйектегі «Медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шегiнде мiндеттi профилактикалық егулер жүргiзiлетiн аурулардың тiзбесiн, оларды жүргiзу ережелерiн, мерзiмдерiн және профилактикалық егуге жататын халық топтарын бекiту» туралы №612 қаулысында айтылған. Алайда баланың ата-анасы не қамқоршысы қарсы болған жағдайда келісім бермейтіні туралы қол қойып, екпеден бас тарта алады.

Аурудың таралуын тоқтату үшін не істелді?

Аурудың таралуын тоқтату үшін қазір байланыста болған адамдар мен науқасты оқшаулау күнінен бастап күнтізбелік 35 күн ішінде апта сайынғы медициналық тексеруден (тері және шырышты қабаттарды зерттеу, термометрия, бауыр пальпациялау) өткізіп, жағдайын бақылайды. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер мен басқа оқу орындарында инфекция таралуының байланыс-тұрмыстық жолының алдын алу үшін тиісті санитарлық-гигиеналық жағдай жасалып, жеке гигиена сақтау талап етіліп, қарапайым сақтық шаралары орындалып отыр. Дезинфекция жүргізіліп, ақпараттандыру жұмыстары атқарылды.

Вирус науқастың нәжісі арқылы шығады. Осы себепті оны өртеп не көміп тастау ұсынылады. Ауру су, тамақ арқылы тарап, сумен жабдықтау жүйелерінің нашар күйде болуынан да пайда болады.

Инфекция жұқтырудың алдын алу үшін суды қайнатып ішіп, жемістер мен көкөністерді жуып, тамақты термиялық өңдеуден өткізу сынды ережелерді орындау керек.

Аурудың алғашқы белгілері: сарғаю басталғанға дейін дене қызуы біртіндеп көтеріліп, бас ауырып, әлсіздік пайда болады. Бұл тұмау белгілеріне ұқсағанымен, дене қызуы бірден көтерілмейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу