Өскеменде экологиялық-орнитологиялық фестиваль өтті
Фото: gov.kz
Өскеменде Халықаралық құстар күніне орай «Оқу-зерттеу экобиоорталығы» арнайы шара ұйымдастырды. «Ornis-2023» деп аталған экологиялық-орнитологиялық фестивальда жыл бойы атқарылған шаралар қорытындысы шығарылған.
Фестиваль қалалық білім бөлімі бекіткен «Жер – біздің ортақ үйіміз» экологиялық бағдарламасы шеңберінде өткізіліп отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мұндай шаралар оқушылар ортасында құстарға қамқорлық көрсету мен орнитологиялық қозғалыстардың жандануына ықпал етеді. Жоба өлкедегі жаратылыс иелерін зерттеу, құстардың биологиялық және экологиялық ерекшеліктерін тану саласындағы оқушылардың білімін жетілдіру және табиғатты қорғау шараларын жүргізу жұмыстарына баулуға бағытталған.
Шара барысында 2022-2023 оқу жылында өткізілген экологиялық және орнитологиялық іс-шаралардың қорытындысы шығарылды. Оның бірі – қаланың 43 мектебі мен 37 балабақшасы қатысқан «Құстарға көмектесейік» акциясы. Акция барысында оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері құстар қыстайтын ұя дайындауды үйренді.