Өскемен тұрғындары ауылшаруашылық өнімдерін арзан бағаға алды
Өскемен қаласында Тарбағатай ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Өндірушілер өнімдерін делдалсыз, өздері сатуға мүмкіндік алды. Бұл шара тауарды нарық бағасынан төмен ұсынуға жағдай жасады.
Бұл – «Туған жер – алтын бесігім» жобасының аясындағы Тарбағатай ауданының мәдени күніне арналған шараның бірі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жәрмеңкеге тарбағатайлық өндірушілердің ауылшаруашылық тауарлары қойылған. Өскемен тұрғындары ет, сүт өнімдерін, көкөніс пен балықты арзан бағаға алды.
– Біз бүгін екі сиырдың етін әкелдік. Бағаны 2 мың теңге деп белгіледік. Көтерме сауда орталығы ашылса, әкеліп сата аламыз. Қазір күз мезгілі бастала бере төрт түлік малды сата бастадық. Қой, сиыр, жылқыларымыз бар. Бүгін алғашқыларын сатып, біттік. Әдетте ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткенде әкелеміз, соғымға аламын деушілерге де сатамыз. Шаруа қожалығымызда етті бағытта ірі қара мал өсіреміз. Өзіміздің шабындық жеріміз бар, қыстауымыз бар. Көтерме сауда орталығы ашылса, делдалдарға бермей, сол жерде өзіміз тұрақты түрде сатсақ тиімді болады, – дейді Құйған ауылында орналасқан “Шұғыла” шаруа қожалығының өкілі Гүлнәз Хамиева.
Жиналған халыққа шай, бауырсақ, палау мен 50 литр көже таратылды. Жәрмеңке таңертең басталғанына қарамастан жиналған халықтың нөпірі қалың.
– Жәрмеңке өтеді дегенді естіп, сағат 7:30-да келіп алдық. 2400 теңгеден 35 кг жылқы етін алдық. Ет майлы, жақсы екен. Өзім Тарбағатайдың тумасымын, осында тұрамын. Ауылдың дәмін алуға келдік. Түрлі құрт, май бар екен. Қазір қарынға салған май аламын. Сенбі сайын жәрмеңкеге келеміз, – дейді қала тұрғыны Гүлнәз Қырықбаева.
Тарбағатай ауданының өндірушілері ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы өнімдерін өндіреді. Жәрмеңкеге 1050 кг жылқы еті, 5100 кг ірі қара, 1400 кг ұсақ мал еті, 3 тонна балық, 75 кг сүт өнімдері әкелінген.
Жергілікті билік делдалдар қызметінің үлесін азайтуға бағытталған шараларды жүзеге асырып жатыр. Оның бірі – тауарды өндірушіден тікелей сатып алуға мүмкіндік беретін жәрмеңке өткізу. Алайда жәрмеңке халықтың аз бөлігін қамтитындықтан оның ауқымын кеңейту қажет. Осы мақсатта Өскемен қаласында көтерме сауда орталығын салу жоспарланған.
– “Ұлтарақ” ЖШС-нің бекітілген учаскесі бар. Күніне шамамен 2 тонна өнім өндіреміз. Ел ішінде Алматы, Өскемен, Астана қалаларына, Ресейге тасымалдаймыз. Арасында тауарымызды Қытайға шығарамыз. Қазір көтерме сауда базарында қоймамыз бар, сонда апарамыз. Халықтан сұраныс болса, бізде жеткілікті өнім бар, – дейді мекеменің директоры Қуанбек Қасымғалиев.
Жиналған қауым арқан тарту, қол күрес, қошқар көтеру сынды ұлттық ойын түрлеріне қатысып, концерт тамашалап та үлгерді.





