KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өскеменде шағын марафонның жеңімпазы жеке рекордын жаңартты

24.09.2023, 12:46 335 Мадина Амангелдіқызы

Бұқаралық спортты дамытуды, салауатты ұлт қалыптастыруды мұрат тұтқан бұл спорт мерекесі Өскеменде былтыр тұңғыш рет ұйымдастырылған болатын.

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының орталығында «Oskemen cross fest – 2023» дәстүрлі шағын марафоны өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Бұл спорт мерекесі Өскеменде былтыр тұңғыш рет ұйымдастырылған. Ол кезде жаппай жүгіруге 200-дің үстінде ғана адам қатысқан еді. Биыл желмен жарысқан желаяқтар қатары сәл көбейіпті. Жиыны 300-ге тарта адам жарыс көрігін қыздырды.

Өскемен қаласының денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Ербол Қоңыратов төрт жүз мыңнан астам халқы бар қалада жаппай жүгіру жарысына үш жүздей ғана адам қатысуы марқаятын нәтиже емес дейді. Оның айтуынша, бұл — төмен көрсеткіш.

Шағын марафонның ережесіне сәйкес жеңімпаздар мен жүлдегерлер сегіз жас ерекшелігі бойынша анықталды. Қатысушылардың ең жасы 14-ке енді толса, ең үлкені 70 жастан асқан қария болды. Бұған дейін жазғанымыздай 14-17 жас аралығындағылар үш шақырымдық сайыста бақ сынаса, 18 жастан асқандар бірнеше жас санаты бойынша 10 шақырымға жүгірді.

– Дәстүрлі марафон биыл да өз жалғасын тауып, 300-дей адам Шешек асуынан орталықтағы Республика алаңына дейінгі 10 шақырымды еңсерді. Марафон былтыр алғаш рет ұйымдастырғандықтан аздаған кемшіліктер болды. Мәселен, ол кезде қатысушыларды екі жас санатына бөлген едік, әрине егде тартқан адамдардың жастармен бәсекелесе алмасы белгілі ғой. Сондықтан биыл өткен жылғы тәжірибеден сабақ алып, сегіз жас санатына бөліп жүгірттік. Нәтижесі жақсы. Алайда қатысушылар әлі де аз. Төрт жүз мыңнан астам халқы бар Өскеменде шағын марафонға 300-дей ғана адам қатысуы өкінішті әрине. Жоқ дегенде 3-4 мың адам қатысуы керек мұндай шараларға, – дейді Ербол Қоңыратов.

Бөлім басшысының айтуынша, спорттық шараның өтетіндігі туралы хабарлама әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, БАҚ-тарда бір ай бұрын жарияланған. Жарнамасы да ойдағыдай жүргізілген. Соған қарамастан белсенділік төмен. Неге? Спортқа жауапты сала мамандары бұл сұрақтың да жауабып іздеп, зерделеп жатқан көрінеді. Нәтижесіне қарай әрекет етеміз деп отыр.

Шағын марафонда мәре сызығын жеке дара кесіп өтіп, ерлер арасында бас бәйгені олжалаған Әмір Байтуканов жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. Ол 10 шақырымдық қашықтықты 28 минут 07 секундта жүгіріп өтті.

– Жеңіл атлетикамен үш жасымнан айналысамын. Қазір О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Бұл менің кейінгі бір ай ішіндегі үшінші жүлдем. Алтында Өскеменде өткен «Алтай атлетикс» республикалық жартылай марафонында екінші орын алсам, Семейде өткен марафонда жеңімпаз атандым. Бүгінгі нәтижеме көңілім толады, бұл менің жеке рекордым. Шешектен бері жол еңіс қой, сондықтан жүгірген жеңіл болды, – дейді «Oskemen cross fest – 2023» шағын марафонының жеңімпазы Әмір Байтуканов.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар және қаладағы жаттығу залына бір ай тегін баруға сертификаттар табыс етілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу