KZ
Өскемен
+20°
пасмурно жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Өскемендегі демалыс орындарында экорейд өткізілді

15.05.2024, 18:15 134 Ләззат Қанатқызы

Бүгін ШҚО талдау және болжау институты мен өскемендік экобелсенділер халық көп жүретін демалыс орындарында рейд өткізді.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған экорейд Ертіс, Үлбі өзендерінің жағалауы мен «Oskemen» аллеясына жүргізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясын қолдау мақсатында өткізіліп отырған көрінеді. Сондай-ақ белсенділер осы арқылы жергілікті билік өкілдеріне де ұсыныстарын білдірмек ниетте.

- Облыс әкімдігіне сенбіліктер, түрлі іс-шаралар қамтылатын және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынбақпыз. Бүгінгі рейд соның алғашқы қадамы деуге болады. Бұл шараға барлық қала тұрғындары қатыса алады. Алайда, қызығушылық танытқандардың саны аз болды. Қаламыздың тазалығына, экологиясына бей-жай қарамайтын тұрғындар алдағы уақытта біздің қатарға қосылады деген ниеттеміз, - дейді «Эмир» қоғамдық қорының директоры Сергей Елагин.

Экорейдке 25-ке жуық қала тұрғыны жазылған. Олар саябақтар мен демалыс орындарындағы қоқыс жәшіктерінің орналасуы мен уақытылы тазартылуын, көгалдандыруға, ағаштардың күтіміне баға берді.

- Тұрғындар көп жүретін кейбір демалыс орындарында мүлде қоқыс жәшігі жоқ. Шаһарда көгалдандыру жұмыстары жақсы жүргізілгенімен, кей жерлерде қаланың көркін қашыратын ескірген, қураған ағаштар тұр. Олар адам өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. Аралап қарағаннан кейін барлық кемшіліктерді тіркеп қалалық ТҮКШ бөліміне жүгінетін боламыз. Сондай-ақ мамыр айының соңында өтетін қоғамдық кеңес отырыснда да осы мәселелерді көтеріп, шешу жолын сарапшылармен бірге талқылаймыз, - деді Сергей Елагин.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жәнібек Серік

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив