Президент Кореяның Сыртқы істер министрі Пак Чжинді қабылдады
Фото: akorda.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Чжинді қабылдады.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пак Чжин екіжақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы сауда, инвестиция және технология салаларындағы өзара қарым-қатынастардың, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Президент KIA автомобиль өндірісін, Hyundai зауытының жұмысын, ферроқорытпа және болат өндірісін, «Ақылды ферма» жобасын және басқа да бастамаларды мысалға келтірді. Сонымен қатар Президент елдеріміз арасында екіжақты қарым-қатынастың берік институттық желісі қалыптасқанына назар аударды.
Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-корей үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңес осы байланыстарға дәнекер болып отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы аталған құрылымдардың әлеуетін толық пайдалануға шақырды.
Өз кезегінде Оңтүстік Корея дипломаты Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел Президенті Юн Сок Ёльдің сәлемін жеткізді және Қазақстанмен екіжақты және аймақтық негіздегі серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.
Кездесу барысында жаһандық және аймақтық күн тәртібіне, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара қарым-қатынасқа қатысты өзекті мәселелер қарастырылды.