Өңірлерде күзге көкөніс сатып алу қалай жүріп жатыр?
Фото: primeminister.kz
Үкіметте негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық қант өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды.
Өткен аптада елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі орта есеппен нөл деңгейінде қалды, деп хабарлайды Altaynews primeminister.kz ресурсына сілтеме жасап.
Отандық қант өндірушілердің өтініштерін назарға алған Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков қазір нарық импорттық арзан өнімдерге қаныққанын, ал отандық қант сұраныс аз болуына байланысты зауыт қоймаларында тұрғанын атап өтті. Қазақстандық өндірушілерді қолдау үшін қанттың ең төменгі көтерме бағасын енгізу мәселесі бірнеше рет қаралды. Алайда бұл шешім жазғы маусымның соңына дейін тоқтатылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидалары шеңберінде өңірлерді форвардтық қаржыландыру жұмысының барысы туралы баяндады. Ережеге сәйкес, өңірлер күзгі көкөністер сатып алуды форвардтық қаржыландыруды ақпан айында-ақ бастауы керек еді. Кейбір өңірлерде бұл жұмыс әлі аяқталмаған.
Ербол Тасжүрековтің айтуынша, елімізде пияз бен сәбізге ұсынылатын қор көлемі қалыптасқан. Картоп пен қырыққабат бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Картоп жөнінде келісімшарт жасау көлемі 5 өңірде, яғни Атырау (55%), Абай (65%), Ұлытау (74%), Алматы (79%) және Ақмола (92%) облыстарында ұсынылған көлемнен төмен.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі әкімдіктер мен ӘКК-нің қырыққабат бойынша келісімшарт жасау жұмыстарының әлсіздігін атап өтті. Мәселен, 10 өңірде келісімшарт көлемі ұсынылған сұраныс көлемінен төмен. Оның ішінде үшеуінде қор 50%-дан аз қалыптасқан. Бұл Ұлытау (30%), Алматы (45%) облыстары мен Астана (49%) қаласы. Қамтамасыз ету мониторингі көрсеткендей, 8 өңірде ұн бойынша келісімшарттар іс жүзінде жоқ немесе Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған көлемнің 50%-нан аспайды. Ақтөбе облысында күнбағыс майы мен күрішке келісімшарт жасалмаған.