Қазақстанда онкологиялық дертке шалдыққан балаларды емдеу толық көлемде жалғасуда
Қазақ онкология институты әлеуметтік желілерде тараған балаларға арналған сәулелік терапия тоқтатылды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бүгінде Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек, оның ішінде жоғары технологиялы сәулелік терапия жоспарлы түрде үздіксіз жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Балаларға онкологиялық ем тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі. Сәулелік терапия Казақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасында қолжетімді.
Балаларды емдеуде ең дәл әрі қауіпсіз әдістерге басымдық беріледі. Қазіргі таңда негізгі әдіс ретінде мемлекет толық қаржыландыратын протондық терапия қолданылады. Сонымен қатар, томотерапия да сақталып отыр, алайда 2025 жылдан бастап ол амбулаториялық емес, стационарлық деңгейде жүргізіледі. Бұл шешім емнің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қабылданған.
Жекеменшік клиникаларда томотерапияның уақытша тоқтатылуы жалпы ел бойынша сәулелік терапияның қолжетімділігіне әсер етпейді және ұйымдастырушылық сипаттағы мәселелерге байланысты.
Қазіргі таңда республика бойынша 28 сәулелік терапия аппараты жұмыс істейді, бұл онкологиялық ауруы бар балаларды қажетті көлемде емдеуге мүмкіндік береді.
Мемлекет балалар онкологиясы саласында барлық шешімді пациент мүддесін бірінші орынға қоя отырып қабылдайды.