Қылмысты азайтып, цифрландыруды күшейту: ел полициясы басым міндеттерді белгіледі
2025 жылы елдегі қылмыс деңгейі төмендеп, ішкі істер органдарының жұмысына цифрлық және интеллектуалды шешімдер белсенді енгізіле бастады. ІІМ алқа отырысында жыл қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі басым міндеттер ретінде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және цифрландыруды жаңа деңгейге көтеру айқындалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алқа отырысын ашқан Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 2025 жыл құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда маңызды кезең болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында министрлікте Профилактика жылы өткізіліп, құқық бұзушылықтарға ден қоюдан гөрі олардың алдын алуға басымдық берілді.
Жүйелі профилактикалық және жедел шаралардың нәтижесінде 2025 жылы елде қылмыс деңгейі 6 мыңнан астам дерекке төмендеді. Әсіресе кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын келтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстар санының азаюы байқалды. Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар, қару қолдану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар, сондай-ақ бұрын сотталған адамдар тарапынан қайталама қылмыстар да едәуір қысқарды. Қылмыстарды ашу деңгейі 98 пайызға жетті.
Өткен жылдары жасалған 2,7 мыңнан астам қылмыс ашылып, полиция іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам қылмыскерді ұстады. Сонымен қатар хабар-ошарсыз кеткен 20 мыңнан астам азаматтың жүрген жері анықталып, олар отбасыларына қайтарылды. Жәбірленушілерге келтірілген залалдың шамамен 60 млрд теңгесі өтелді, 17 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 9 мыңнан астам бала тәлімгерлік, спорт және профилактикалық бағдарламалармен қамтылды. Мас күйде көлік басқарған 23 мыңнан астам жүргізуші ұсталып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік туды.
Ұйымдасқан және трансұлттық қылмыспен күрес те күшейтілді. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және басқару фактілері бойынша 78 қылмыстық іс қозғалды, оның 10-ы трансұлттық сипатта. Заңсыз айналымнан 2,5 мыңнан астам қару тәркіленді. Есірткі қылмысына қарсы шаралар нәтижесінде 31,7 тонна есірткі тәркіленіп, 109 зертхана жойылды.
Киберқылмыспен күрес аясында 84,5 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталып, 13 call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Интернет-алаяқтарға көмектескен «дропперлерге» қатысты 56 қылмыстық іс тергелуде. Сондай-ақ киберқылмыспен күрес жөніндегі БҰҰ конвенциясына қол қойылды.
Алқа отырысында 2026 жыл Қазақстанда Президенттің бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны атап өтілді. Осыған байланысты ІІМ құрылымында Цифрландыру және жасанды интеллект департаменті құрылып, құқық қорғау саласына интеллектуалды жүйелерді енгізу жұмыстары басталды. Ұлттық бейнемониторинг жүйесі аясында «Қауіпсіз қала» жобасы дамытылып, жедел басқару орталықтары мен дрондарды қолдану кеңейтілуде.
Қорытындылай келе, Ішкі істер министрі қылмыстың алдын алу, цифрлық және интеллектуалды шешімдерді кеңінен енгізу, азаматтардың өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беру, сондай-ақ кадрлық тәртіп пен ішкі бақылауды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. ІІМ алдағы кезеңде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алдын ала әрекет етуге және тиімді басқаруға басымдық бермек.