KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, В
509.75 594.67 6.46

Шығыс Қазақстанда аяз күшейеді: жүргізушілерге маңызды кеңестер

12.01.2026, 17:30 113 Төлеуғазы Жансая

Синоптиктердің болжамына сәйкес, осы аптаның ортасынан бастап еліміздің бірқатар өңірінде, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы –38 градусқа дейін төмендейді. Қатты аяз күнделікті қозғалысты қиындатып қана қоймай, жолдағы қауіпсіздікке де тікелей әсер етеді. Осыған байланысты жүргізушілерге сақтық шараларын күшейту ұсынылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мамандардың айтуынша, қатты суықта автокөлікті іске қосу және алғашқы қозғалыс кезінде ерекше мұқият болу қажет. Егер көлік далада тұрса, мүмкіндігінше қол тежегішін қолданбаған жөн. Себебі төмен температурада оның қалыптары қатып, дөңгелектердің бұғатталуына әкелуі мүмкін. 

Механикалық беріліс қорабы бар көліктерде қозғалтқышты оталдырғанда ілініс педалін басу міндетті. Бұл стартердің жұмысын жеңілдетіп, аккумуляторға түсетін салмақты азайтады.

Жолға шығар алдында көлікті бірден қатты жүктемей, біртіндеп қыздырған жөн. Әйнек, орындық жылытқыштары мен фараларды бір мезетте қоспай, кезең-кезеңімен іске қосу аккумулятор мен генератордың жұмысын сақтайды.

Қозғалысқа шығар алдында көліктің төбесін қоса толық тазалау маңызды. Тежеген кезде төбедегі қар алға сырғып, алдыңғы әйнекті жауып қалуы мүмкін.

Сондай-ақ, әйнек сүрткіштердің мұздап қалмағанын, алдыңғы және бүйір әйнектердің толық таза екенін тексеріңіз.

«Қатпайтын әйнек жуғыш сұйықтықты» құйғаннан кейін оны міндетті түрде жүйе арқылы өткізіңіз. Ол үшін әйнекке бірнеше рет сеуіп, сұйықтықтың саптамалар мен шлангілерге жеткеніне көз жеткізу қажет. Бұл жол үстінде жүйенің қатып қалу қаупін азайтады.

Қатты аязда көлікті, әсіресе автоматты іске қосу жиі қолданылған жағдайда, ұзақ уақыт орнында қыздыру шығару жүйесінің мұздап қалуына әкелуі мүмкін. Мамандар қысқа уақыт қыздырып, кейін қозғалысты баяу бастауға кеңес береді. Бұл көліктің жұмыс режиміне тезірек келуіне көмектеседі.

Көлікті тұраққа қойған кезде кейін күрделі маневр жасауды қажет етпейтіндей етіп орналастырған дұрыс. Суықта резеңке бөлшектердің серпінділігі төмендейді, сондықтан көлік толық қызғанға дейін рөлді шектен тыс бұраудан аулақ болған жөн.

Мамандар жүргізушілерді ауа райының күрт өзгеруіне дайын болуға, жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеруге және мүмкіндігінше алыс сапарларды кейінге қалдыруға шақырады. Қауіпсіздік – әрдайым бірінші орында.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу