АӘК алған 100 мыңнан астам отбасының жағдайы жақсарған
Фото: egemen.kz
Биыл 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 100,4 мың отбасыдағы жағдай мемлекеттік қолдау шараларының арқасында жақсарған көрінеді.
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімет жариялады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту арқылы қиын жағдайдан шығуға көмектесу.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайын қосымша төлем беру;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға грант беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқа шаралар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Өткен жылы АӘК алған отбасылар саны 141,5 мыңды (728,7 мың адам) құрады. Ал осы жылдың 1 тамызында 102,7 мың отбасы АӘК (538,9 мың адам) алды.
1 тамыздағы жағдай бойынша АӘК алушылардың саны өңірлер арасында Түркістан облысында – 25,1 мың отбасы немесе 24,4%, Шымкент қаласында – 11,1 мың отбасы немесе 10,8%, Қызылорда облысында – 8,8 мың отбасы немесе 8,6%, Алматы облысында – 8,6 мың отбасы немесе 8,4%, Жамбыл облысында – 7,2 мың отбасы немесе 7%, Жетісу облысында – 6,2 мың отбасы немесе 6% тіркелген.
Ал ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында – 459 отбасы немесе 0,4%, Атырау облысында – 903 мың отбасы немесе 0,9%, Солтүстік Қазақстан облысында – 1,4 мың отбасы немесе 1,3%, Қарағанды облысында – 1,7 мың отбасы немесе 1,6% тіркелген.
АӘК алушылардың басым көпшілігі – балалар. Олардың үлес салмағы – 65,9% немесе 355,2 мың адам. Ал жұмыс істейтін азаматтар – 14,9% немесе 80,1 мың адам. 13% немесе 70 мың адам – балаларға, қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсететін адамдар; қалған 6,2% – азаматтардың басқа санаттарына тиесілі.