Елордада 34 елдің волонтерлері жиналған форум басталды
Фото: egemen.kz
Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Халықаралық волонтерлер форумы басталды. Форумға еріктілерден бөлек 50-ге жуық шетелдік спикер жиналған.
Осы және өзге де мәліметті шараның ашылу салтанатында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров БАҚ өкілдеріне айтты, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
– Бүгін, ертең екі күн қатарынан өтетін волонтерлер форумында 34 елден 140-тан астам ерікті қатысқалы отыр. 50-ге жуық шетелдік спикер келді. Қазақстанның әр өңірінен іріктеуден өткен еріктілер келіп отыр. Негізінен, бүгінгі іс-шарада 400-ден аса қатысушы жиналған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мінберінен Халықаралық влонтерлерді жинау жылын жариялау туралы бастама көтерген. Соған байланысты былтыр Орталық Азия волонтерлер форумы өтті. Биыл, міне, Халықаралық волонтерлер форумы өтіп жатыр, – деді ол.
Вице-министр форум аясында волонтерлік қозғалыстың халықаралық деңгейдегі түйткілді мәселелері талқыланбақ екенін баяндады.
– Ең басты мақсат – волонтерлік қозғалыс бағытындағы өңірлік көшбасшы ретінде басқа елдермен тығыз байланыс орнату, ақпарат пен тәжірибе алмасу, волонтерлер алдында халықаралық деңгейде тұрған мәселелерді бірге ортаға салып шешу, – деп атап өтті Данияр Қадыров.
Оқи отырыңыз