KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 1,8 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Қазақстандық депутат Жаңа жылды көктемде тойлауды ұсынды

Фото: Stan.kz

18.01.2024, 20:11 138

Сенат депутаты Әли Бектаев Наурыз мерекесін Жаңа жыл мерекесімен қатар қойды. Тиісті сауалын ол Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі Stan.kz сілтеме жасап.

Әли Бектаевтың айтуынша, Жаңа жылды тойлау жылдан-жылға күрделене түсуде және ол отбасылық мерекеден гөрі «материалдық» шараға айналған.

- Жаңа жыл қарсаңында қалаларда қарбалас күшейіп, мерекеге дайындық қызу жүріп жатады, мұз айдындары салынып, отшашулар атылады. Тұрғын үй кешендерінің арасында атылатын пиротехникалық құралдардың күші балалар былай тұрсын, ересектерді де қорқытады. Сауда орталықтарында бос орын болмайды: барлығы балаларының тілегін орындап, қымбат сыйлықтар мен ойыншықтарды іздейді. Бүлдіршіндерінің жаны қалаған затын тауып беруге тырысатын ата-аналарды да түсінуге болады, – дейді депутат.


Сондай-ақ, Әли Бектаев жаңа жылдық сыйлықтардың көбі шетелден келетініне назар аударып, сол арқылы шетелдік дәстүрлерді, тұрмыс-тіршілікті, ділі мен дінін насихаттайтынына тоқталды.

Депутат Қазақстанда Жаңа жылды тойлаудың ерекше әлеуметтік-идеологиялық дәстүрін қалыптастыру қажеттігін айтады.

- Қазақстан үшін Наурыз мейрамы дәстүрге айналуы тиіс. Халық арасында Наурыз – ұлы күн, жыл басы, күн мен түннің теңелуі деп айтылады. Мифологиялық аңыз бойынша, 21 наурызға қараған түні Қыдыр ата дала кезіп жүреді. Әдетте, бұл күні адамдар жаман ниеттен арылып, тазарады. Бұл күні адамдар барлығына көмектеседі. Бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, реніштерін кешіріп, бата берген. Осы себепті біз қазақстандықтар үшін уақыты келді деп санаймыз. Бұл құндылықтар халқымыздың рухани негізіне, ал Наурыз басты ұлттық идеологиямызға айналуы тиіс. Наурыз мейрамы жаңару мен жаңғырудың символына айналуы керек, – дейді ол.


Сенатор елімізде Наурыз мейрамын тойлаудың жалпыұлттық тұжырымдамасын қабылдау қажет екендігін жеткізді.

- Тұжырымдама Наурыз мейрамының жыл басы, барлық істің бастауы екенін балабақшадан бастап әрбір азаматтың санасына енгізуге септігін тигізеді, – деп түсіндіреді ол.


Әли Бектаев Наурыз мейрамының мән-мағынасын, оның руханилығы мен құндылығын зерттейтін ғылыми орталықтар ашылу керек екеніне де тоқталған.

Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі үшін Жаңа жылдың қасиетті мәні жоқ екенін айтып, қазақтарда Наурыз мейрамы бар екенін ерекше атап өткен.

- Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы, – деген еді Президент.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив