ШҚО-да Жаңа жылға дайындық басталды
ШҚО-ның қалалары мен аудандары Жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатыр.
Мерекеге дайындық өңірдің барлық аудандары мен қалаларында белсенді жүргізілуде, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы саябақ аймақтарында бес ірі мұз айдыны ашылды. Сондай-ақ 30-ға жуық мектептің ауласында оқушылар үшін арнайы мұз айдындары құйылуда.
Биыл «Металлург» саябағы да алғаш рет қыс маусымында келушілерді қарсы алмақ. Одан бөлек, мұнда балаларға да, ересектерге де арналған сырғанақ жасалды. Қалалық әкімдіктің айтуынша, жақын арада саябақтағы тірі шыршалардың бірі безендіріледі.
Жаңа жылдық безендіру жұмыстары өңірдің барлық аудандары мен қалаларында жүріп жатыр. Мұндай дайындық кезінде қызық жағдайлар да болып тұратыны белгілі. Мысалы, әлеуметтік желіде Қасым Қайсенов кентінің орталығында орнатылған шырша қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының шыршаға «ұсқынсыз» деген баға беріп, күлкіге айналдырыпты. Алайда Ұлан ауданы әкімінің баспасөз қызметі бұл шыршаның жергілікті тұрғындардың бастамасымен орнатылғанын хабарлап отыр.
Әлеуметтік желіде сын пікірлер айтылған соң, бюджеттен тыс қаражат есебінен басқа шырша орнату туралы шешім қабылданған екен.
Сонымен қатар, кенттегі стадионда балалар үшін мұздан сырғанақ тұрғызылды. Жуық арада кент тұрғындарын қардан жасалған түрлі фигуралар мен басқа да жаңа жылдық безендірулермен қуантпақ.