29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні
Фото: depositphotos.com
Кеңес одағындағы ядролық қару сынақтарының үштен екісі еліміздің аумағында орналасқан Семей полигонында жүргізілген болатын. Полигонның жабылуына 33 жыл толуына байланысты біз сол бір ядролық жарылыстар тарихына үңіліп көруді жөн санап отырмыз.
Мәскеу неден қорықты?
1945 жылдың тамызы Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбаларының тасталуымен тарихта қалды. Осы оқиғадан кейін Кеңестер одағының басшылығында үрей сезімі пайда болған-ды. Өйткені олар келесі бомба Мәскеуге түседі деп санады. Басты қарсыласы – АҚШ-тың жойқын қаруға қол жеткізгенін көрген коммунистер бірден ядролық бомба жасауға кірісіп кетті. Мемлекеттік қорғаныс комитетінде «Уранның ішкі атомдық энергиясын қолдану жөніндегі арнайы комитет» атты жасырын ұйым құрылды. Осы комитеттің басшылығына Сталиннің қанқұйлы да қатігез жендеті Лаврентий Берия тағайындалды. Ал атом қаруын жасау ісі Игорь Курчатов, Юлий Харитон және Петр Капица сынды КСРО-ның сол кездегі озық деген ғалымдарына тапсырылды.
Жалпы Кеңес одағы атом қаруын жасау ісімен бұған дейін де айналысқан болатын. Бірақ АҚШ осы қаруды алғаш әзірлеп, оны Жапонияға тастау арқылы күш-қуатын жер-жаһанға әдейі көрсеткен соң, оны жасап шығару кеңестер үшін басты қажеттілікке айналып шыға келді.
Семей полигонының алғашқы ғылыми директоры Михаил Садовскийдің бір естелігінде: «Ядролық қарудың сызбаларын американдықтардан ұрлап алдық деген жалған әңгіме. Қару туралы бізде ешқандай мәлімет болған емес. Тек Жапония қалаларының жарылыстан кейінгі фотосуреттерін ғана таптық. Ғаламат күштің үлкен шаһарды қалайша тас-талқан еткенін көріп, бойымыз тітіркеніп кетті» деп жазғаны біраз жайтты аңғартса керек.
Неге қазақ даласы таңдалды?
Иә, атом қаруын алғаш жасап шығару сайысынан кеңестік ғалымдар жеңіліп қалды. Коммунистердің алға қойған ендігі мақсаты АҚШ-ты қуып жетіп, басып озу болатын.
Кремль нақты тапсырма бергеннен кейін ядролық сынақтар өткізетін полигонға орын анықтау керек еді. Сорымызға қарай ғалымдар таңдауының бірден қазақтың сайын даласына түспесі бар ма? Сонымен КСРО Министрлер кеңесі 1947 жылдың 21 тамызында Семей ядролық полигонын құру туралы шешім шығарады. Полигон үшін Семей қаласының батысындағы 18 мың шаршы шақырым кең алқап алынды. Ол бұрынғы Семей облысының Абыралы ауданын және Павлодар мен Қарағанды облыстарының кейбір жерлерін қамтыды.
Семей аумағы неліктен таңдалды? Бірінші себеп – шөлейт даладағы радиусы 100 шақырым аумақта бірең-саран елдімекен ғана бар еді, яғни өңірде халық саны аз болды. Деректер бойынша, полигонға берілген аумақта қалған Молдары ауылынан 138 адам қоныс аударылған. Осы ретте Семей қаласының өзінде Қытай Халық Республикасы консулдығының болуы біраз кедергі келтірген екен. Құпия нысанның іргесінде шетелдік елшілердің болуы қауіпсіз емес еді. Бірақ КСРО басшылығы сылтау тауып, консулдықты басқа қалаға көшіріп жібереді. Ал Жаңасемейдегі аэродром керісінше полигонға қызмет көрсетуге ыңғайлы болған көрінеді.
Бәрі де «Бірінші найзағайдан» басталған
Сонымен, бүкіл одақтан тартылған 15 мыңнан астам құрылысшы полигонның барлық инфрақұрылымын екі-ақ жылдың ішінде салып шықты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ел әлі есін жинамаса да, өкімет бұл жобаға қаржы аямаған сыңайлы. Полигонның қақ ортасында сынақ аумағы орналасты. Ол жерге биіктігі 40 метр болатын болат мұнара тұрғызылып, соның үстіне алғашқы ядролық қару – «РДС-1» (реактивный двигатель специальный) қойылды. 1949 жылдың 29 тамызында «Алғашқы найзағай» («Первая молния») құпия операциясы аясында КСРО-ның 22 келілік алғашқы атом бомбасы сәтті сыналды. Деректерге сүйенсек, жергілікті тұрғындар жарылыс туралы алдын ала ескертілмеген екен.
Тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп аспанға көтерілді. Таяу жердегі ауылдарда тұратын адамдар жердің қатты сілкінгенін сезіп, жарты аспанды алып кеткен от-жалынды көреді. Жарылыстарды өз көзімен көрген жергілікті тұрғындар көп. Ал егер жарылыс түнде болса, айнала күндізгідей жарық болып кетеді екен. Кейіннен қап-қара жаңбыр жауып тұрған.
Жарылыстың қуатты болғаны соншалық, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тың сейсмикалық станциялары оны жер сілкінісі ретінде тіркеген. Бірақ американдық ғалымдар тербеліс табиғатының жасанды екенін анықтап, КСРО-ның ядролық қаруға қол жеткізгенін бірден білген. Жарылыстың эпицентрін де дәл тапқан.
Бұл жайтқа әлбетте КСРО басшылығы ерекше қуанды. Осы күннен бастап екі алпауыт ел арасында атом қаруы бойынша бәсеке басталып кетті.
1951 жылдың 18 қазанында ұшақтан түсірілген авиациялық атомдық бомба сынақтан өткізілді. Арада төрт жыл өтпей Кеңестер одағы салмағы 400 келі болатын тұңғыш термоядролық бомбаны жарды. Ол қару АҚШ-тың Жапонияға тастаған бомбасынан 26 есе қуатты еді. Ал 1965 жылы жүргізілген жарылыс 2,5 миллион текше метр топырақты әуеге ұшырып, жасанды су қоймасы жасалды. Диаметрі 400, тереңдігі 100 метр болатын бұл су қоймасын халық Атомкөл атап кетті.
Ең соңғы жарылыс
Жалпы 1949-1963 жылдар ішінде жарылған бомбалардың жалпы қуаты Хиросимаға түскен бомбадан 2,5 мың есеге күшті болды. Яғни, қазақ халқы атом қаруынан жапондардан бірнеше мың есе көп зардап шекті.
КСРО жүргізген барлық сынақтардың үштен екісі, яғни 456-сы (бұл цифрлар әр деректерде әртүрлі көрсетіледі, біз ағылшын тілді Уикипедияның ресми мәліметін ұсынып отырмыз) нақ осы Семей даласында жүргізілді. Қалғандары Солтүстік Мұзды мұхиттағы Жаңа Жер аралында орналасқан екінші полигонда іске асырылған.
1963 жылға дейін бомбалар жер үстінде жарылып келді. Радиация ауа мен су арқылы тарап жатты. Мұны біліп отырған Батыс ғалымдары дабыл қаға бастады. Тек 1963 жылы АҚШ пен Ұлыбританияның қолқа салуымен КСРО жарылыстарды жер астында жүргізуге көнді. Осы құжатқа қол қойылғаннан кейін де КСРО сынақтар санын азайтқан емес, тек бомбалар енді жердің астында жарылып жатты.
Жерасты жарылыстарын жүргізу үшін Дегелең тауында 181 шахта қазылыпты. Осы шахталарда 340 бомба жарылған екен. Ғалымдар жарылыстардың жерасты қыртыстарына, тау жыныстарына әсерін зерттеген.
Ең соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанда жүргізілді. Ол кезде полигон орталығы болған Курчатов қаласы тұтас бір ғылыми кешенге айналған-ды. Құпия қалашық саналған Курчатовтың «Мәскеу-400», «Берег» және «Семей-21» деген шартты атаулары болатын.
Кеңестер одағы полигонды жаппай кетті
КСРО ядролық сынақтарды өз халқының өмірі мен денсаулығын елемей жүргізді. Сынақтардың зиянды әсерін тұрғындардан жасырып келді. Хабарлар әдетте жарылыстан кейін таратылды, телерадио арқылы «Кеше бейбітшілікке кепілдік беру мақсатында еліміз ядролық қарудың жаңа түрін сынақтан сәтті өткізді. Жарылыс аумағында ешқандай радиация тіркелген жоқ» деген жалған ақпараттар ұдайы беріліп келді. Ал жарылыстар жақын маңдағы елдімекендерде тұратын азаматтардың денсаулығына ауыр зардабын тигізіп жатқан еді. Қаншама адам жастайынан көз жұмды, қаншама нәресте кемтар болып дүние есігін ашты. Ал уланған жер-судың тазаруына мыңдаған жылдар керек.
Осы бір қазаққа орасан қайғы-қасірет әкелген полигон 1991 жылы жабылды. Полигонның ең соңғы ұңғымасы 2000 жылдың 29 шілдесінде жойылды. Ал 2009 жылғы желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» деп жариялады.
Содан бері Семей сынақ полигоны тарихқа айналды. Қазір Курчатов қаласындағы бұрынғы ғылыми кешендер бейбіт мақсатта жұмыс істеп жатыр. Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі шетелдік ғалымдармен бірлесе, ортақ жобаларды жүзеге асыруда.
Семей полигонының тарихы және оның әлеуметтік, экологиялық әсерлері Қазақстанның ядролық қару сынақтары салдарынан қандай қиындықтарға тап болғанын көрсетеді. Полигонның жабылуы мен қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстары маңызды. Алайда, ядролық сынақтардың ұзақ мерзімді әсерін толық жою және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әлі де көп жұмыс істеу қажет.