Аумақтық қорғаныс жүйесі заңмен бекітілді
Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» жаңа Заңға қол қойды. Бұл құжат еліміздегі төтенше жағдайларға дайындық пен халықты қорғау жүйесін нақты құқықтық негізге көшіруге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Аталған заң аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясаттың ұйымдық-құқықтық негіздерін бекітеді. Сонымен қатар, бұл бағыттағы қоғамдық қатынастарды реттеуге арналған маңызды құжат саналады.
Заң аумақтық қорғанысты материалдық жағынан қамтамасыз ету мәселелерін де қамтиды. Осы салада мемлекеттік бақылау жүйесі енгізіліп, негізгі функциялар Қорғаныс министрлігіне берілді.
Бұл құжат негізінде енді төтенше жағдайлар кезінде қандай құрылым қандай рөл атқаратыны нақты айқындалады. Жаңа заңда аумақтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру, оны тиісті деңгейде қаржыландыру және бірізді тәсілмен жүзеге асыру жолдары да көрсетілген.
Аумақтық қорғаныс күштері бұған дейін де түрлі жағдайда үлкен рөл атқарған болатын. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде, 2020 жылы Сардоба су қоймасындағы апатты жоюда, 2022 жылы Қостанай облысындағы алапат орман өрті кезінде, ал биыл еліміздің солтүстік-батысында болған су тасқыны салдарын жоюда осы құрылымдардың көмегі көп тиді.
Жаңа Заң осындай тәжірибелерді ескере отырып әзірленді және енді еліміздегі төтенше жағдайлар кезінде халықтың қауіпсіздігін жүйелі түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.