ШҚО-да аумақтық қорғаныс жиындары басталды
Өскеменге Риддер қаласынан әскери міндеттілер шақырылды.
Өскемен гарнизоны №27943 әскери бөлімінің полигонында №99230 әскери бөлімі ұйымдастырған әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиыны басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аумақтық қорғаныс - Қазақстан Республикасының аумағындағы халықты, объектілер мен коммуникацияларды жау әрекеттерінен, диверсиялық немесе террористік актілерден қорғау мақсатында, төтенше жағдай мен әскери жағдай режимдерін енгізу және қолдау үшін ұйымдастырылады. ШҚО аумақтық қорғаныс бригадасы ұйымдастырған жиынға Риддер қаласынан әскери міндеттілер шақырылды. Олар 10 күн бойы арнайы бөлінген аумақта қарқынды жауынгерлік дайындықтан өтеді.
Бұл жиынның басты мақсаты - қатысушылардың әскери дағдыларының деңгейін арттыру. Барлық әскери міндеттілер полигондағы шатырлы қалашыққа орналастырылған. Оларды тамақтандыру және заттай мүлікпен қамтамасыз ету жергілікті билік органдарының қаражаты есебінен жүзеге асырылады, - деп атап өтті №99230 әскери бөлімінің командирі полковник Мейрам Сейлгазинов.
Жиынға Риддерден барлығы 70-тен астам адам келді. Әскери дайындықтан өтіп жатқан міндеттілердің жасы 27 жастан басталады.
Қайта даярлау бағдарламасы бірнеше негізгі кезеңдерді қамтиды. Әскери міндеттілер жеке тәртіпте де, топ құрамында да атыс, қорғаныс және шабуыл негіздерін пысықтайды. Сондай-ақ, олар ұрыс даласында алғашқы медициналық көмек көрсету, таңу техникасы және жаралыларды эвакуациялау бойынша нұсқаулықтар алады. Бұдан бөлек, әскери міндеттілер үшін арнайы тактикалық жаттығулар өткізіледі. Жиынның барлық қатысушылары әскери дайындықтың жоғары стандарттарын көрсете отырып, өздеріне жүктелген міндеттерді толық жауапкершілікпен орындайды.
Жиындардың соңында қорытынды сынақтар өткізіледі. Олардың нәтижелері бойынша бағдарламаны сәтті аяқтаған әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтар беріледі.