Қазақстанда жаңа отбасылық тәрбие формасы енгізілді
pixabay.com
1 шілдеден бастап елімізде балаларды отбасына орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасы моделі ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жаңашыл бастама – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға уақытша болса да жылулық пен тұрақтылықты сезінуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Енді жетім балалар интернатқа емес, бірден арнайы дайындықтан өткен кәсіби отбасыларға берілетін болады.
Кәсіби қабылдаушы отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін тәрбиелей алады. Бірақ алдымен үміткер ата-аналар міндетті түрде оқытудан өтіп, дайындықтан өтуі керек. Мұндай оқу курстары мемлекеттік мекемелер мен лицензиясы бар ұйымдарда өткізіледі. Баланы қабылдау туралы соңғы шешімді қамқоршылық және қорғаншылық органдары қабылдайды.
Мұндай отбасыларға мемлекет тарапынан ай сайын жәрдемақы және тәрбиелеу еңбегі үшін арнайы ақы төленеді.
Айта кетейік, қазір Қазақстанда балаларды отбасына орналастырудың төрт түрі бар: асырап алу, қамқоршылық, патронат және қабылдаушы отбасы. Енді оларға кәсіби қабылдаушы отбасы моделі қосылып отыр. Бұл – балалардың бақытты болашағына жасалған тағы бір нақты қадам.