Астанада 20 елден келген спортшылар Kazakhstan Open 2025 турнирінде бақ сынайды
depositphotos.com
14–16 тамыз күндері елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында таеквондодан (WT) Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингілік турнирі өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дүниежүзілік таеквондо федерациясының ресми күнтізбесіне енген жарысқа 20-дан астам елден және бейтарап мәртебедегі спортшылардан тұратын 750-ден астам қатысушы жиналады. Олар жасөспірімдер, жастар және ересектер санатында сынға түседі.
Қазақстанда алғаш рет жаңа KPNP электронды қолғаптары қолданылады. Сондай-ақ Дүниежүзілік таеквондо федерациясының көрсетілім тобы елде алғаш рет өнер көрсетпек.
Байрақты додаға Олимпиада чемпиондары мен әлемдік жұлдыздар қатысады деп күтілуде. Жалпы жүлде қоры – 15,8 млн теңге.
Kazakhstan Open 2025 – Қазақстанның халықаралық жарыстар картасына қайта оралғанын көрсететін маңызды оқиға. Турнир 2026 жылғы Гран-при финалы мен 2027 жылғы әлем чемпионаты алдындағы дайындық кезеңі ретінде өткізіледі.