KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СБ
502.27 597.15 6.57

Өңірлерде егін жинау науқаны жүріп жатыр

Фото: Үкімет
Фото: Үкімет
19.08.2025, 17:30 857 Төлеуғазы Жансая

Еліміздің бірқатар облыстарында жаңа өнімді жинау жұмыстары қарқын алды. Осыған орай Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазірдің өзінде Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Абай, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында егін жинау жүргізілуде. Жалпы егіс алаңы – 23,6 млн гектар. Соның 16 миллионы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Бүгінге дейін 1,1 млн гектар орылып, 1,6 млн тонна астық бастырылды. Бұдан бөлек, 363,5 мың тонна картоп, 1,3 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша өнімдері жиналған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, науқанға дайындық жоғары деңгейде. Жұмысқа 139 мың трактор, 31 мың комбайн және басқа да техникалар жұмылдырылмақ. Қазір олардың 93%-ы дайын тұр, жақын күндері толық іске қосылады.

Шаруаларға арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Барлығы 402 мың тонна дизель қарастырылса, оның бір бөлігі жеткізіліп қойды. Бағасы нарықтағыдан 18–20%-ға төмен.

Жаңа өнімді қабылдау үшін қоймалар босатылуда. Элеваторлардың қазіргі жүктемесі – 16%. Бұған дейін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» астық өткізуді жеделдету тапсырылған еді. Қазір 328 мың тоннасы сатылып, қалғаны бойынша келіссөздер Таиланд, Парсы шығанағы елдері, Ауғанстан, Әзербайжан және Алжирмен жүріп жатыр.

Суармалы су бойынша жағдай тұрақты. Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарында егістіктерге су беру кестеге сай жүргізілуде.

Жиын қорытындысында вице-премьер жаппай егін жинау кезеңінде штаб отырыстары апта сайын өтетінін, мәселелер дереу шешілетінін айтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу