Техпаспорт пен жүргізуші куәлігіндегі чип жойылуы мүмкін
Фото: kolesa.kz/Гульша Рысканова
Қазақстанда жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікте чип болмайды. ІІМ осы құжаттардың үлгісіне өзгеріс енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі kolesa.kz порталына сілтеме жасап.
Министрліктің түсіндіруінше, микросхема орнату қосымша шығынды қажет етеді. Оның үстіне, жүргізушілер туралы барлық дерек қазірдің өзінде мемлекеттік деректер базасында бар, ал полицейлер планшет арқылы онлайн тексере алады.
Еске сала кетсек, Қазақстанда құжаттағы чип алғаш рет 2007 жылы пайда болды. Бастапқыда ол жүргізушіге айыппұлды терминал арқылы бірден төлеуге мүмкіндік беретін талонмен бірге берілген. Алайда тәжірибе толық іске аспады.
2012 жылдан бастап жүргізуші куәлігіне, 2018 жылдан техпаспортқа чип енгізілді. Бірақ олар іс жүзінде пайдаланылмай, тек құжаттағы деректерді қайталады.
Қазір жүргізуші куәлігі мен техпаспортты алып жүрудің өзі міндетті емес. Барлық ақпарат онлайн қолжетімді.