Жаңа заң: ШҚО-да алғашқы мопедтер тіркеуден өтті

Фото: ШҚО ӨКҚ
ШҚО-да алғашқы мопедтер тіркеуден өтті. Осы аптада аймақ бойынша үш мопед есепке қойылды. Барлық мопед иелеріне тіркеу куәлігі мен мемлекеттік нөмірлік белгілер берілген.
Бұл туралы ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Игорь Клишин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілетін болғандықтан, бұл белгілі бір ережелерді сақтауды талап етеді.
Аталған өзгеріс, әсіресе көлік құралдарын пайдаланушы азаматтар үшін маңызды жаңалық болып отыр.
Мопедтерді тіркеу Өскемен қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) жүргізілуде. Көлік құралын тіркеу үшін жеке куәліктің болуы, техникалық паспорт немесе көлік құралының сипаттамалары көрсетілген құжаттардың болуы, өтініш толтыру, мопедті тексеруден өткізу, мемлекеттік баж салығын төлеу қажет.
Жаңа заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін тіркелмеген мопедті басқаруға және жүргізуші куәлігінсіз жүруге қатаң тыйым салынатын болады. Полиция өкілдері азаматтарға алдын ала тіркеуден өтуді және қажет болған жағдайда автомектептерде оқып шығуды ұсынады. Көлік құралын ресми тіркеу процесі тек айыппұлдардан қорғап қана қоймай, жаңа мотомаусымның қауіпсіз басталуына кепілдік береді.
Ержан Әбіш