Жүргізуші куәлігін eGov Mobile арқылы онлайн ауыстыруға болады

Қазақстандықтар енді eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыра алады. Қызмет құжаттың мерзімі өткен жағдайда, жоғалған немесе ұрланған кезде, сондай-ақ жеке деректер өзгерген жағдайда қолжетімді. Қызмет іске қосылғаннан бері оны 7 000-нан астам адам пайдаланған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қызметтің басты ерекшелігі – бұрын берілген жеке куәлік немесе паспорттағы фотосуретті қолдану мүмкіндігі.
Қызметті алу үшін:
eGov Mobile қосымшасына кіріп, «Қызметтер» бөлімін ашу;
«Көлік және жүргізуші куәлігі» бөлімінен «Жүргізуші куәлігін беру» қызметін таңдау;
Құжатты алатын ХҚКО-ны көрсету;
Ауыстыру себебін таңдап, фотосурет жүктеу;
Қолтаңба үлгісін жүктеп, байланыс нөмірін көрсету;
Мемлекеттік баж салығын төлеу (4 915 теңге);
Face/Touch ID арқылы өтінімді растау;
Қызмет нәтижесін «Хабарламалар» бөлімінен көру.
Өтінім мақұлданғаннан кейін жүргізуші куәлігін таңдалған ХҚКО-дан алуға болады. Бұл ретте жеке куәлік пен қолданыстағы жүргізуші куәлігін көрсету қажет. Жаңа құжатты алғанға дейін бұрынғы жүргізуші куәлігі (егер мерзімі өтпесе) жарамды болып қала береді. Қызмет eGov.kz порталында да қолжетімді.