Өзбекстанда енді кісі есімі жазылған нөмір алуға болады
Фото: нейрожелі көмегімен жасалған
Өзбекстан билігі автокөлік нөмірін беру тәртібін өзгертті. Жаңа ереже бойынша жүргізушілер тек сандар мен әріптердің комбинациясын ғана емес, тіпті кісі есімі жазылған нөмірге де тапсырыс бере алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Avtoelon.uz мәліметінше, бұл өзгеріс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Алайда шектеулер бар:
-
нөмірдегі таңба саны алтыдан аспауға тиіс;
-
бейәдеп сөздерге немесе ұлттық құндылыққа қайшы келетін жазуға тыйым салынады.
Құны әзірге белгісіз. Қазір Өзбекстанда қарапайым нөмір алу үшін жүргізушілер 1 442 000 сум (шамамен 61,4 мың теңге) төлейді. Ал ерекше комбинациялар аукцион арқылы сатылады: Ташкентте бастапқы бағасы 53,5 млн сумнан (2,3 млн теңге), ал өңірлерде 12,3 млн сумнан (526 мың теңге) басталады.
Бұдан бөлек, Өзбекстан билігі нөмір аукциондарын жаңа жүйеге ауыстырмақ. 2025 жылдың 1 қазанынан бастап «әдемі» нөмірлерді аукционнан емес, тікелей мемлекеттік «Узавтомотобелгиси» кәсіпорнынан сатып алуға болады. Ал қалған нөмірлер кезек бойынша үлестіріледі.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап аукциондар мүлде болмайды. Оның орнына ІІМ арнайы ашық база іске қосады. Сол базадан жүргізушілер өздеріне ұнаған бос нөмірді таңдай алады. Бұл қызметті СБДД-ның ресми сайтынан, мобильді қосымшасынан, «электронды үкімет» порталынан немесе арнайы инфокиосктерден пайдалануға мүмкіндік болады.
Жаңа нөмірге тапсырысты онлайн беруге болады. Құжат рәсімдеу мен нөмірді дайындау бар болғаны 30 минут уақыт алады. Ал шетелдік көліктер мен мотоциклдер үшін бұл процесс 14 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.