KZ
Өскемен
-11°
ясно жел 2 м/с, СБ
504.6 594.27 6.48

1 желтоқсанға дейін әлеуметтік қолдау стандарттары әзірленеді – Үкімет

Фото: Үкімет

16.09.2025, 13:00 209 Төлеуғазы Жансая

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру шаралары талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жолдауда ерекше мән берілген бағыттардың бірі – әлеуметтік қолдау саласын реформалау. Осыған орай Премьер-министр Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін барлық өңірлерге арналған әлеуметтік қолдаудың бірыңғай стандартын әзірлеуді тапсырды.

«Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін нақты шаралар қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей мүмкіндік беру, ал азаматтар еңбек етіп, өз отбасын қамтамасыз етуге ұмтылуға тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің жаңа тәсілдері арқылы жүзеге асады. Әлеуметтік саланы бақылау мен мониторинг жүргізудің түбегейлі жаңа жүйелері жасалады.

Сонымен қатар Үкімет басшысы білім беру, денсаулық сақтау, туризм, құқықтық тәртіп пен инфрақұрылым салалары бойынша да бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда:

  • 1 қарашаға дейін Еңбек министрлігі жанынан әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу;
  • желтоқсан айына дейін 52 «Келешек мектебінің» құрылысын аяқтау;
  • 1 қазанға дейін білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған Жол картасын қабылдау;
  • өңірлерде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасын дамыту;
  • Алматы тау кластерін дамыту жоспарын жаңарту және туризм инфрақұрылымын жетілдіру;
  • медицина саласында жаңа ауруханаларды іске қосу және қызмет сапасын бақылаудың жаңа жүйесін енгізу;
  • «Заң мен Тәртіп» қағидатын орындау үшін көшедегі құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігін күшейту;
  • электросамокаттар мен жеке мобильді қозғалыс құралдарын пайдалануды реттейтін заңнамалық түзетулерді жеделдету.
«Үкімет қабылдайтын барлық шаралар қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуға тиіс», – деп түйіндеді Премьер-министр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу