KZ
Өскемен
-9°
ясно жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

Үкіметте көші-қон саясатын жетілдіру жолдары талқыланды

23.07.2025, 10:30 215 Гульжан Мусина

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінің өткен отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды  Altainews.kz  тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.

Жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндама жасады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов елдегі көші-қонды бақылауды жүйелеу шаралары туралы, ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев көші-қон саласындағы ақпараттық жүйелерді біріктіру туралы ақпарат берді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдан бастап Қазақстанда көші-қонның оң сальдосы тіркеліп отыр. Бұл – еліміздің тұруға және жұмыс істеуге деген тартымдылығының қалпына келгенін көрсетеді. Халық көп келген өңірлер қатарында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Алматы мен Астана қалалары бар.

Премьер-министр жаһандық геосаяси өзгерістер мен миграциялық ағындардың күшеюі жағдайында көші-қон мәселесі маңызды басымдыққа айналып отырғанын атап өтті.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес нақты реттелетін көші-қон саясатын қалыптастыру қажет. Ол үшін нормативтік-құқықтық базаға аудит жүргізіп, мемлекеттік органдардың көші-қон саласындағы функционалдық мүмкіндіктеріне талдау жасау керек. Заңсыз көші-қон, өңіраралық диспропорция және көші-қон ағындарын бірыңғай есепке алудың болмауы сияқты барлық өзекті мәселелер бойынша жүйелі әрі кешенді шешімдер қабылдануы тиіс, — деді Олжас Бектенов.

Жиында соңғы екі жылда Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктердің саны бір жарым есеге артқаны айтылды. Осыған байланысты көші-қон процестерін ашық әрі нақты есепке алудың маңыздылығы атап өтілді. Осы мақсатта Премьер-министр цифрлық құралдарды кеңінен енгізіп, мигранттардың қозғалысын бақылау үшін шекарадан өткен кезде берілетін көшіп-қонушының ID-картасын енгізу жұмысын жеделдетуді тапсырды.

Сондай-ақ биылғы 1 қарашаға дейін көші-қон процестерін есепке алатын Бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу тапсырылды. Бұл жүйе барлық дерекқорларды біріктіріп, мемлекеттік органдардың жұмысына тиімділік қосуға тиіс.

Сонымен қатар, шетелге жұмысқа жіберетін жеке агенттіктердің қызметін реттеу мәселесі қозғалды. Осыған байланысты жыл соңына дейін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін лицензиялау бойынша заңнамалық өзгерістер әзірленеді.

Үкімет отырысының қорытындысында Премьер-министр бірқатар нақты тапсырмалар берді:

  1. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 қазанға дейін Қазақстан Республикасының көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасының жобасын Үкіметке енгізу;
  2. Көшіп келетін қандастарға елге келгенге дейін алдын ала сауалнама жүргізу құралдарын енгізу;
  3. Қандастардың кәсіби және жеке әлеуетін бағалап, оларды елдің солтүстік және шығыс өңірлеріне тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту;
  4. ІІМ мен басқа да мүдделі органдарға көші-қон заңнамасын бұзғандарға жауапкершілікті күшейту және саладағы қауіпсіздік шараларын арттыру.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу