KZ
Өскемен
-9°
небольшой снег жел 5 м/с, З
509.84 595.75 6.47

Олжас Бектенов сарапшылармен экономиканы дамыту мәселелерін талқылады 

10.01.2026, 18:00 155 Базарова Айгүл

Премьер-министр Олжас Бектенов экономикалық блок сарапшыларымен кездесу өткізді. Жиында ел экономикасының даму бағдары мен басым бағыттары, сондай-ақ сыртқы тәуекелдері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Кездесуді ашқан Үкімет басшысы орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың нақты әл-ауқатын арттыру басым міндет болып қала беретінін атап өтті. Олжас Бектенов сараптама мен кеңестер алу үшін жұмыс тәсілдерін жан-жақты талқылау бойынша кездесулердің маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында сарапшылар қауымдастығының өкілдері экономикалық өсудің негізгі мәселелері мен бағыттарына өз бағасын берді. Сарапшылар, сондай-ақ жаһандық процестер мен әлемдік конъюнктураның ықпалын ескере отырып, ұлттық экономиканың даму қарқыны бойынша болжамын айтты. Салалық жаңғыртудың басымдықтары, нарықтың неғұрлым өзекті сұраныстары және олармен технологиялық бастамаларды өзара байланыстыру бойынша ұсыныстар сөз болды. 

Еуразия ұлттық университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Күлекеев, NAC Analytica басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов, AERC Қолданбалы экономика зерттеу орталығының бас директоры Жәнібек Айғазин, Visor инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Алмас Чукин, Зерттеу және консалтинг орталығының серіктесі Әнуар Боранбаев, CSI жеке консалтингтік компаниясының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов, "TALAP қолданбалы зерттеулер орталығы" қоғамдық қорының директоры Асқар Қысықов, "Комментарий" талдау тобының жетекшісі Эльдар Шамсутдинов пікірлері мен ұсыныстарын айтып, сөз сөйледі.

Инфляцияға қарсы күрес шаралары, отандық өндірісті ұлғайту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, ЖИ-ді дамыту үшін электр энергиясын өндіру, инвестициялар тарту мәселелері талқыланды. 

Салық реформасын талқылау кезінде өтпелі кезеңнің маңыздылығы атап өтілді. Үкіметтің шешіміне сәйкес ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Салықтар бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдар қарыздың негізгі сомасы 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өелген жағдайда есептен шығарылады.

Кездесуді қорытындылай келе Премьер-министр Үкімет пен сарапшылар қауымдастығы арасындағы тұрақты диалогтың маңыздылығын атап өтіп, жауапты мемлекеттік органдарға айтылған ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу