Қазақстандық тауар өндірушілер реестріне қаңтардың соңына дейін тіркеліп үлгеру шарт
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қазақстанда отандық өндіруші мәртебесін растау және мемлекеттік қолдаудың мақсаттылығын жақсартуға арналған «Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі» мемлекеттік цифрлық платформасы іске қосылды. Бүгінде бұл жүйеге кедергісіз көшуді қамтамасыз ету үшін бұрын жарамды индустриалдық сертификаттар негізінде қазақстандық өндіруші мәртебесін растаған 1 868 субъект автоматты түрде Реестрге ауыстырылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Өндіріс және құрылыс министрлігі ақпараты сәйкес, цифрлық платформа тәжірибелік пайдалануға берілген және e-ondiris.gov.kz веб-сайтында қолжетімді.
Барлық бизнес субъектілері ақпараттық жүйеде тіркелуге Қазақстандық тауар өндірушілер реестрін жүргізу қағидаларына сәйкес өтініш бере алады.
Қазіргі таңда 2 769-дан астам компания тіркеліп, 1 346 өтінім қабылданған.
Реестрге қазірдің өзінде машина жасау, құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы кәсіпорындар кіреді, соның ішінде теміржол техникасы, автомобиль компоненттері, сорғы жабдықтары, цемент, бетон бұйымдары, керамикалық плиткалар және аяқ киім өндірушілері бар.
Ал бұрын Реестрге автоматты түрде қосылған өндірушілер жүйедегі ақпараттарын 30 қаңтарға дейін толтырып, өтініштерін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растауы тиіс. Бұл талапты орындамау жағдайында кәсіпорындар Қазақстандық өндірушілер реестрінен шығарылады.
Цифрлық платформаны енгізу рәсімдердің ашықтығын арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және мемлекеттік қолдау шараларының тек нақты өндірістік қызметі бар кәсіпорындарға бағытталуын қамтамасыз етуге бағытталған.