Келер жылдан бастап өндірушілер Тауарлардың ұлттық каталогын қолдануға міндетті болады
Келер жылдан бастап Қазақстанда Тауарлардың ұлттық каталогы (ТҰК) тауар айналымына қатысатын барлық кәсіпкерлік субъектілері үшін міндетті цифрлық базаға айналады. Бұл – елдегі әрбір өнімге бірегей NTIN коды берілетін орталықтандырылған жүйе. Қарапайым тілмен айтқанда, NTIN – тауардың ЖСН-ы іспетті, яғни тауарды өндіруден бастап сату сатысына дейін дәл сәйкестендіруге мүмкіндік беретін цифрлық белгі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты біз кәсіпкерлерге ТҰК-қа кімдер, қалай және қандай тәртіппен қосылатынын кеңірек түсіндіруді жөн көрдік.
ТҰК-қа қосылу Қазақстан аумағында тауар айналымына тікелей немесе жанама қатысатын барлық бизнес субъектілері үшін міндеттеледі. Олардың қатарына тауар өндірушілер; импорттаушылар; көтерме компаниялар мен дистрибьюторлар; бөлшек сауда орындары; ірі сауда желілері; электронды коммерция платформалары мен маркетплейстер – барлығы кіреді.
Әрбір қатысушы ТҰК-ты өз қызметінің кезеңдеріне байланысты пайдаланады: тауарды алғашқы тіркеуден бастап, сату кезінде тұтынушыға дұрыс ақпарат ұсынуға дейін. Бұл жүйе қорлар мен бағалардың ашықтығын арттырып, жалған ақпарат пен сәйкессіздіктерді азайтады.
Маңыздысы – тауар картасын жасау және тіркеу – тегін, демек ТҰК енгізілуі өнімдер бағасының қымбаттауына әкелмеуі тиіс. Каталогтың негізгі мақсаты – адал бәсекелестікті қалыптастыру және тауар қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ету.
Ережеге сай, тауар картасын ең алдымен өнім өндірушілер немесе оны елге әкелетін импорттаушылар тіркеуі тиіс. Бірақ 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмеген тауарды сатылымда ұстап тұрған кез келген кәсіпкер NTIN кодын жедел түрде рәсімдеуі керек болады.
Тауар картасының бар-жоғын анықтау үшін nct.kz порталына кіріп, іздеу жүйесі арқылы тексеруге болады. Қазіргі уақытта базаға 15 миллионнан астам карта енгізілген. Бұл бірқатар тауарлар бойынша ақпарат бұрыннан бар екенін көрсетеді.
Егер бір өнімді бірнеше компания импорттап жүрсе, оның картасы алдын ала жасалған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіпкер тауарды қайталап тіркемейді, тек бар картаны пайдаланады.
Жаңа карта толтырылғанда тауар туралы келесі деректер міндетті түрде енгізіледі: атауы; бренді; толық сипаттамасы; құрамы; шыққан елі.
Бұл мәліметтер бірыңғай стандартқа сай келуі керек, өйткені олар кассалық жүйелерде, қойма бағдарламаларында және маркетплейстер интерфейстерінде біркелкі көрініс табады.
ТҰК толық енгізілгеннен кейін елдегі барлық бақылау-кассалық машиналар NTIN кодтарын оқи алатын 2.0.3 хаттамасы бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл жаңарту техникалық қызмет көрсететін компаниялар мен Фискалды деректер операторлары арқылы автоматты түрде іске асады.
Бизнес өкілдерінің өзі тек ТҰК-та тіркелген тауарларды пайдаланып, сату кезінде олардың NTIN кодтарын сканерлеуі қажет.
Кассалық машиналарды пайдалану Қазақстан аумағындағы сауда қызметі үшін міндетті талап болып қала береді. Дегенмен, ауылдық жерлердегі шағын саудагерлер мен базар сатушылары үшін жеңілдетілген механизмдер қарастырылмақ. Бірақ бұл олар жүйеге мүлде қосылмайды деген сөз емес – NTIN коды бәрібір енгізілуі қажет.
Егер қандай да бір тауардың NTIN коды болмаса, уақытша код беріледі. Бұл сауданың тоқтап қалмауы үшін жасалған жеңілдік. Дегенмен кәсіпкер кейін ТҰК-та толық ақпаратты толтырып, тұрақты код алуға міндетті.
Тауарлардың ұлттық каталогы – елдегі тауар айналымын цифрландырудың маңызды кезеңі. Бұл шара көлеңкелі экономиканы азайтуға, сапасыз немесе заңсыз өнімдерге тосқауыл қоюға, кәсіпкерлер арасындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған. Жүйе толыққанды іске қосылғанда тұтынушы да, бизнес те, мемлекет те бірдей ұтады.