ШҚО-да "Халықпен бірге" бағдарламасының тетіктері бекітілді
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы AMANAT партиясы депутаттық фракциясының жиналысы өтті.
Жиында ШҚО бойынша AMANAT партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының пункттерін бекіту мәселесі қаралды.
– Біз депутаттық қызметті белсенді жүргізуіміз керек. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Бағдарламамыздың барлық тармақтарын іске асыру – бұл біздің міндетіміз және әрбір депутат бұл мәселелерге жеке жауапкершілікпен қарауы керек деп есептеймін. AMANAT партиясының депутаттық фракциясы алдына қойылған міндеттерді толық орындауы тиіс, – деді фракция жетекшісі Тұрарбек Әзекенов.
Депутаттар үшін маңызды міндеттің бірі – халықпен тығыз байланыс орнатып, сауалдарға дер кезінде жауап беру.
– Атқарылған жұмысты жұртшылыққа жеткізудің тиімді жолы әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асатыны баршаңызға белгілі. Сондай-ақ азаматтар да кейбір мәселелерді әлеуметтік желі арқылы жеткізіп жатады. Осы орайда фракция мүшелеріне әлеуметтік желідегі белсенділікті арттыру маңызды болмақ, – деді AMANAT партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангул Жұмаділова.
Айта кетейік, AMANAT партиясы ШҚО филиалының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасы 4 бөлімнен және 88 тармақтан тұрады.