Алаяқтар кликбейтті қалай пайдаланады?
Алаяқтықтың түр-түрі шығып жатқан бүгінгі өмірде кликбейттің шырмауына түсіп қалғандар қаншама?! Кликбейт (ағылш. click – «басу», bait – «тарту») – бұл оқырманды сілтемеге өтуге итермелейтін ашық, тым тартымды тақырып немесе сурет. Мұндай айқайлап тұрған мәтіндер адамдарды қызықтыру үшін арнайы құрылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мысалы:
• «Тек бүгін ғана! iPhone жарты бағамен! Сізге тек мынаны жасау қажет…»
• «Сенбейсіздер ме? Жаңа жылдың құрметіне сыйлықтар тегін таратылуда!»
• «Бұрын-соңды болмаған! Егер ұйықтар алдында … ішсеңіз, тұмау мен коронавирус сізді айналып өтеді!» деген хабарламалар жылтыңдап шыға береді.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мамандарының сөзіне қарағанда, осындай хабарламалар, әдетте, электрондық поштада, әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде кездеседі. Алаяқтар өмірде жоқ банктердің, дүкендердің, танымал блогерлердің не мемлекеттік органдардың атын жамылып жібереді.
Кликбейттің қаупі неде?
Мамандар көп жағдайда тақырыпқа өткен адам фишингтік сайтқа тап болатынын айтады. Ондай сайт түпнұсқа ресурстың — жаңалықтар порталының, интернет-дүкеннің немесе банк парағының дәл көшірмесіне ұқсайды.
Пайдаланушы автоматты түрде кіріп, құпиясөзін немесе банк картасы деректерін енгізсе, мәліметтер бірден алаяқтардың қолына түседі.
Кейде кликбейт хабарламаға бейнеролик қосылады. Оны көру үшін пайдаланушы «арнайы қосымша жүктеуі керек» деп көрсетіледі. Егер адамдар оны орнатып алса, гаджетке зиянды бағдарлама кіреді. Ол арқылы қаскөйлер телефондағы деректерді ұрлап, тіпті құрылғыны қашықтан басқара алады.
Алаяқтық кликбейттің белгілері:
• парақ тым ұзақ жүктеледі, кейін басқа сайтқа бағыттайды;
• сілтемені ашқанда бірдеңе жүктеуді талап етеді.
Егер осындай белгілерді байқасаңыз қосымшаны немесе бетті бірден жабыңыз, ешқандай файл жүктемеңіз және жеке деректерді енгізбеңіз.
Құрылғыларыңызды қалай қорғауға болады?
• телефоныңыздың немесе компьютеріңіздің параметрлерінен «белгісіз көздерден қосымша орнатуға тыйым салу» функциясын қосыңыз;
• антивирус орнатып, оны жүйелі түрде жаңартып отырыңыз;
• браузерге арналған тегін қорғаныс кеңейтімдерін пайдаланыңыз: AdBlock, uBlock Origin, Ghostery, AdGuard. Олар қажетсіз жарнаманы, күмәнді мазмұнды және зиянды бағыттауларды автоматты түрде бұғаттайды.