ШҚО мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі сайланды
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жиналысы өтті.
Жиынға «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова және облыс мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының мүшелері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Фракция жиналысында ШҚО мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісін сайлау және 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша субсидиялау және кепілдендіру бойынша «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасын іске асыру барысы туралы мәселе қаралды.
Оған қоса жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілдері 8 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыруға 2022 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден 3,8 млрд теңге бөлінді. 2022 жылғы 22 қыркүйектегі жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысында ұлттық жобаға қатысу үшін 14 134 адам өтініш білдірді, оның ішінде 12 480 адам бағдарламаға қатысты. Ұлттық жоба аясында жұмыспен қамту бойынша 12 696 көмек көрсетілсе, 8 334 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 5400 адам тұрақты жұмыспен қамтылды», - деді ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайрғазинов.
Сонымен қатар фракция мүшелерінің дауыс беруімен облыс мәслихатының депутаты Лұқбек Тұмашинов «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі болып сайланды.