ШҚО-дағы республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді
Шығыс Қазақстан облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожол учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бұл туралы «ҚАЖсервис» ЖШС ШҚОФ ақпаратына сай, 2025 жылғы 17 желтоқсан күні сағат 12:30-дан бастап қолайсыз метеорологиялық жағдайларға – көрінудің төмендеуі, қарлы боран, қатты жел мен көктайғаққа байланысты жолаушылар автобустары мен тіркемесі және жартылай тіркемесі бар жүк автокөліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді.
Қозғалыс шектелген жол учаскелері:
«Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» республикалық автожолының 1104–1191 шақырым аралығы (Глубокое кенті – Шемонаиха қаласы);
«Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» автожолының 15–105 шақырым аралығы (Белоусовка кенті – Риддер қаласы).
Жол қозғалысына енгізілген шектеулер жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр. Қазіргі таңда жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп, жағдайды тұрақтандыру бағытында қажетті шараларды жүзеге асыруда.
Мамандар жүргізушілерге алыс жолға шығуды уақытша кейінге қалдырып, ауа райы туралы ресми ақпараттарды мұқият қадағалауға, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді. Қозғалысқа қойылған шектеулер ауа райы жақсарғаннан кейін қосымша хабарланатын болады.