KZ
Өскемен
+26°
переменная облачность жел 3 м/с, Ю
443.03 480.38 4.91

«Казцинк» пен «Востокцветмет» қызметкерлері жиі жарақат алады

13.04.2023, 09:00 222

ШҚО прокуратурасында «Тау-кен металлургия кәсіпорындарындағы өндірістегі қауіпсіздік (жарақаттану)» жобасының тұсаукесеріне арналған кеңес отырысы өтті. Отырыста жобаның алғашқы нәтижелері бойынша есеп берілді.

Облыс аумағында барлығы 16 тау-кен металлургия кәсіпорны бар. Соның 11-де соңғы 4 жылда 182 жарақат алу дерегі тіркелген, деп хабарлайды Altaynews сайты.

Отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев, ШҚО прокуроры Алмат Байшолақов, прокурордың бірінші орынбасары Мейрам Таутенов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің ШҚО бойынша департаменті, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің ШҚО бойынша департаменті және осы саладағы кәсіпорындардың өкілдері қатысты. 

Қазақстан 2014 жылы Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы конвенцияны ратификациялаған. Бұл конвенция 2006 жылы Женевада қабылданды. Конвенция өндірістік жарақаттануды, кәсіптік ауруларды және өндірістегі өлімді азайту бойынша шаралар қабылдау қажеттігін қарастырады.

Соңғы 4 жылда өңірде 779 жарақаттану дерегі тіркелген. Статистика бойынша, басым бөлігін, жалпы алғанда, ай сайын тау-кен металлургия кәсіпорындарында болатын жазатайым жағдайлар құрайды. Осы себепті жыл басынан бері аталған жоба қолға алынып, арнайы шаралар атқарылған.

– Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың алдына оң нәтижеге қол жеткізуге бағытталған жобалық басқаруға көшу қажеттігі туралы міндет қойған болатын. Сол себепті біз Бас Прокуратураның қолдауымен «Тау-кен металлургия кәсіпорындарындағы өндірістегі қауіпсіздік» жобасын іске асырып жатырмыз. Оны таңдау өңірдің өнеркәсіптік бағытына байланысты болып отыр, себебі статистикаға сүйенсек, соңғы 4 жылда  тау-кен металлургия кәсіпорындарында 182 жарақат алу фактісі  тіркелген, – дейді ШҚО прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мұхамеджан Оразбаев.

Облыстағы 16 тау-кен кәсіпорнының 11-де соңғы 4 жылда 182 жарақат алу дерегі тіркелген. Атап айтқанда, 4 жағдайда мүгедектік дәрежесі беріліп, 15 адам қаза тапқан. 142 оқыс оқиғаға жұмыс беруші кінәлі деп танылса, 38-інде жұмыс беруші мен қызметкердің екіжақты кінәсі болған.

Өндірісте зардап шеккендер санының өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 36%-ға азайғаны байқалады. Тау-кен металлургия саласында көрсеткіш 15-тен 5-ке төмендеп, 67%-ға кеміген.

Оқыс оқиғаларға көбіне жұмыс берушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын елемеуі, мемлекеттік органдардың бақылауының жеткіліксіздігі себеп. Сонымен қатар жабдықтардың ескіруі, арнайы техниканың болмауы, қауіпті жағдайларда жұмыс істеу де түрткі болады.

Өңірдегі кәсіпорындар жазатайым оқиғалардың тіркелуіне сай қызыл, сары және жасыл деңгейге бөлінген. Қызыл деңгейдегі «Казцинк» ЖШС мен «Востокцветмет» ЖШС-нің үлесінде 164 дерек тіркеліп, барлық деректің 91%-ын құраған. Сары деңгейге 16 дерек анықталған 9 мекеме өтті. «Риддервторсырье» ЖШС, «СКАП Central Asia Mining» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «ГМС Altai» ЖШС және тағы 5 мекемеде бірнеше оқыс оқиға анықталған. Тек 4 кәсіпорын ғана жасыл деңгейге жеткен: «ГРК Маралиха Голд», «Риддерполиметалл», «ТМК», «ГРК Визол».

– Өзімнен бұрынғы есеп берушілердің айтқаны рас, біз оны қабылдаймыз. 2022 жылы бізде 30 шақты жазатайым оқиға болды, оның ішінде өлімге әкелгені де бар. Осы жылы бізде 5 оқиға болды. Біз жабдықтарды жаңартып жатырмыз. Адами факторды азайту үшін де шаралар жасалып жатыр, – дейді «Казцинк» кәсіпорнының өкілі.

ШҚО прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мұхамеджан Оразбаевтың айтуынша, жарақат алу мен жазатайым оқиғаны азайту мақсатында арнайы шаралар әзірленген. Олар жабдықтарды жаңарту, ішкі бақылау және мемлекеттік бақылауды күшейту сынды 3 бағытқа бөлінеді.

Кеңес соңында алдағы уақыттарға тапсырма беріліп, кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар жобаны жүзеге асырудың Кешенді жоспарына енгізілетіні айтылды.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив