KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

«Жақыныңды жоғалтпашы...» жазушы Әкім Ысқақпен кездесу

18.12.2025, 18:00 170 Айна Бакимбаева

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылымының депутаты, қазақ тілінде тұңғыш жазылған заңның авторы, Халықаралық журналистер, Қазақстан Жазушылар, Композиторлар Одақтарының мүшесі Әкім Ысқақпен кездесу өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әкім Ысқақ ақын, жазушы, журналист, сазгер, сатирик ретінде республика жұртшылығына аты мәлім, қаламы қарымды қаламгер. Түрлі жанрдағы отыздан астам кітаптың авторы, елге танымал «Көңіл қымбат», «Соңғы вальс», «Көк тудың желбірегені», «Әдемі-ай» әндерінің авторы. 

– Өскеменге табан тіреп, осы өңірдің ауасын жұтып, рухын сезінгенде, Шығыс Қазақстанның қазақ үшін қандай қасиетті, киелі мекен екенін тағы да ұқтым. Бұл – талай қайраткер шыққан, берекесі мен ырысы жарасқан өңір. «Менің Шығыс Қазақстаным!» деп қуануға толық негіз бар. Ұшақтан түсе салысымен «Өскемен» деп әдемі жазылған жазуды көріп, жүрегім жылып қалды. Осындай әсерлі сәттер елге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі. Ал осы кітапханада руханияттың туын көтеріп жүрген жандарға, әсіресе, талай жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан барша қызметкерлерге айрықша ризашылығымды білдіремін. Өйткені бұл кітапхана – өңір руханиятының жүрегі. Сол жүректің соғысы тоқтамасын, - деді кеште Әкім Ысқақ. 

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында туған ақын Шымкент педагогикалық институтында жалпы техникалық пәндер, еңбек және физика пәнінің мұғалімі, Алматы мемлекеттік университетінде заңгер мамандықтарын меңгеріп шыққан. 2008 жылы Германияның Шпайер қаласында Әкімшілік ғылымдар жөніндегі Неміс университетінде мемлекеттік қызметкерлердің курсында оқып, арнайы білім алған.

Кеш барысында жазушы һәм қоғам қайраткері балалық шағынан, отбасы туралы жылы естеліктерін айтты.

Әкім Ысқақты ұстаздар династиясының өкілі десе де болады. Үлкен атасы туған ауылында мектеп салдырып, оған Абай Құнанбайұлының есімін бергізген екен.

– Атам сол білім ошағында отыз жылдан астам директор қызметін атқарды. Одан кейін әкем де сол мектепте басшы болды. Мен де еңбек жолымды сол білім ордасынан бастадым. Өйткені атама «сенің ісіңді жалғаймын» деп серт берген едім. Кейін қоғамдық жұмыстарға араласып, шығармашылықпен айналыстым, - деп сөзін сабақтады жазушы.

Тұңғыш қазақ тілінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңын жазған депутат ретінде Әкім ағамыздың есімі тарихта қалды. Осы заңның арқасында алыс және жақын шетелдерден 300 мыңға жуық отбасы көшіп келіп, 1 миллионнан аса қандас атамекенге оралды. 

– Жалпы, шеттен келген ағайын да, ел ішіндегі ағайын да – бәріміз бір қазақпыз. Барлығы да халықтың қалаулысы болуға лайық. Ізденіп қарасам, бүгінде шеттен келген жетпіске жуық қандасымыз түрлі деңгейдегі депутат болып отыр, олардың үшеуі Мәжіліс депутаты болып сайланған. Бұл – ел үшін жақсы жаңалық, - деді қоғам қайраткері.

Кеш барысында Шығыстың өнерпаздары жазушының шығармашылығымен етене жақын екендіктерін көрсетті. Ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. «Әкім Ысқақтың екі ауыз есті сөзін тыңдайық» деп, қара сөздің қадірін түсініп, бағалайтын өскемендік оқырмандар жиналған іс-шара өте жоғары деңгейде өтті.

Белгілі қоғам қайраткері кешеден бері Шығыстың жас ақындарымен, педагогикалық колледждің оқушыларымен жүздесіп, тағылымы мол әңгімелерімен, естеліктерімен бөлісті.


Айна Бакимбаева 

Фото/видео: Жәнібек Ырысбай 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу