KZ
Өскемен
-10°
ясно жел 2 м/с, Ю
504.76 593.8 6.5

Денсаулық сақтау – 2025: Шығыс Қазақстанда 35 жаңа нысан қолданысқа берілді

18.12.2025, 17:30 145

2025 жылы Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласы нақты нәтижелерге қол жеткізді. Қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау көрсеткіші 36,3 пайызға жетіп, жоспардан асып түсті. Ал, туберкулезбен сырқаттанушылық 100 мың тұрғынға шаққанда 31,0-ге дейін төмендеді. Жыл бойы 35 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, медициналық ұйымдар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Халық денсаулығы – кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Денсаулығы мықты ұлт қана тұрақты дамуға қабілетті. Осы тұрғыдан алғанда, Шығыс Қазақстан облысында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету өңірлік саясаттың басты бағыттарының бірі болып отыр. Соңғы жылдары облыстың денсаулық сақтау жүйесінде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып, нақты нәтижелер байқала бастады.

2025 жылдың тоғыз айында алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының медицина қызметкерлері мен «Шығыс» профилактикалық медицина орталығының мамандары тұрғындардың аурулардың алдын алу шаралары туралы хабардарлығын арттыру, халық арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыс жүргізді.

Осы кезең ішінде өңір бойынша 9 449 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 69 230 адам қамтылды. Бұл кездесулер, дәрістер, ашық есік күндері мен кеңес беру алаңдары арқылы тұрғындарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар, халыққа 17 336 дана ақпараттық материал таратылып, онда дұрыс тамақтану, қозғалыс белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту, түрлі аурулардың алдын алу жолдары кеңінен қамтылды. Бұл туралы Өскеменде өткен баспасөз конференциясында ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова мәлімдеді.

Туу кезіндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші – қоғамның жалпы денсаулық деңгейін айқындайтын маңызды индикаторлардың бірі. Аталған көрсеткіш бойынша 2025 жылғы нақты деректер 2026 жылдың сәуір айында жарияланатын болады.

2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласының негізгі индикаторлары бойынша оң өзгерістер байқалып отыр. Атап айтқанда, психобелсенді заттарды қолдану салдарынан туындайтын психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстармен сырқаттанушылық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 66,7-ні құрап, жоспарлы көрсеткіштен айтарлықтай төмен болды. Сонымен қатар бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайғанын көрсетеді.

В гепатитімен сырқаттанушылық деңгейі де төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 0,14-ті құрады. Бұл көрсеткіш жоспарланған деңгейден едәуір төмен болып отыр.

– Қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау бағытында да оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қазіргі таңда онкологиялық аурулардың 0–I сатыларында анықталу үлесі 36,3 пайызды құрап, жоспарлы көрсеткіштен асып түсті. Бұл – дер кезінде басталған емнің тиімділігін арттырып, науқастардың өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 31,0-ге дейін төмендеп, нысаналы көрсеткіштерге сәйкес келді. Осылайша, аталған бағыттардың барлығы бойынша жоспарланған көрсеткіштер толық орындалды, – деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысында медициналық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды бағдарлама іске асырылуда. Жалпы саны 36 медициналық объект салу жоспарланған, олардың басым бөлігі бүгінгі күні аяқталған.

2023–2025 жылдар аралығында облыста 35 денсаулық сақтау нысаны салынды. Тағы бір объект жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, өңірде ірі медициналық ұйымдарды салу және қайта жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Олардың қатарында Гематология орталығы, Риддер қаласындағы көпбейінді аурухана кешені, облыстық онкологиялық орталықтың бөлімшелері және Өскемен қаласында салынатын жаңа перзентхана бар.

Ағымдағы жылы Қасым Қайсенов кентінде бір ауысымда 150 адам қабылдайтын жаңа емхана пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі едәуір артты.

– Медициналық ұйымдарды күрделі жөндеуден өткізуге де ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта 3,7 млрд теңге бөлініп, 11 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде немесе толық аяқталды. Кейбір жобалар толығымен пайдалануға берілсе, қалған нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру өңірдегі басты міндеттердің бірі болып қала береді. Бұл мақсаттарға республикалық және облыстық бюджеттерден, сондай-ақ ұлттық жобалар аясында қомақты қаражат бөлінді, - деді басқарма өкілі.

Көпбейінді ауруханалар мен аудандық медициналық ұйымдар үшін жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынуда. Олардың қатарында цифрлық маммографтар, рентген аппараттары, ангиографиялық жүйелер, жасанды қанайналым аппараттары, компьютерлік томографтар және басқа да заманауи қондырғылар бар.

2025 жылғы қараша айының соңына қарай 1 573 млн теңгеге шарттар жасалып, 1 281,6 млн теңгеге медициналық жабдықтар жеткізілді. Қазіргі таңда медициналық ұйымдардың жарақтандырылу деңгейі 87,5 пайызды құрайды. Сонымен қатар жедел медициналық көмек станцияларына арналған реанимобильдер мен автокөліктер сатып алынып, олар кезең-кезеңімен аудандық медициналық ұйымдарға берілуде.

Іске асырылып жатқан жобалар мен денсаулық сақтау инфрақұрылымына салынған инвестициялар алдағы жылдары өңір тұрғындарына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.



Жайна Сыранова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу