Туристік экспедициялық жасақтардың облыстық слеті қорытыланды – ШҚО
Фото: gov.kz
12 мамырда Өскемен қаласында туристік экспедициялық жасақтардың «Менің Отаным – Қазақстан» атты облыстық слеті өтті.
Слетке облыстағы жалпы орта және қосымша білім беретін ұйымдардың 12-17 жас аралығындағы оқушылары қатысты. 82 қатысушының барлығы – мектепішілік және аудандық, қалалық кезеңдерден іріктеліп алынған жеңімпаздар, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Слетті ұйымдастырудағы мақсат – балалар мен жастардың бойында азаматтық пен отаншылдықты қалыптастыру, экспедициялық жасақтардың туристік қызметін жандандыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.
Қатысушылар бірнеше номинация бойынша сынға түсті. Өлкетану блогында қатысушылар салт-дәстүр, әдет-ғұрып және өнер, туризм-спорт, денсаулық, демалыс бағыттары бойынша іздеу-зерттеу жұмыстарының жобаларын таныстырды. Ал туристік блок жартасқа шығу және туристік кедергілер жолағын еңсеру (аспалы өткел, параллель таяныштар, маятник) сынды сынақтарға арналды. Шығармашылық блокта қатысушылар туристік әндер айтып жарысты.
Байқау қорытындысы бойынша 31 жеңімпаз анықталған. Өзге қатысушыларға сертификаттар табысталды. Облыстық слеттің жеңімпаздары биылғы қыркүйек айында өтетін республикалық слетке жолдама алады.
Жеңімпаздар тізімі www.shygysdaryn.kz сайтында ұсынылған.
