Демалыс орындарындағы су айдындары тегін тексеріледі – ШҚО
ШҚО ТЖД сүңгуірлері су айдындарын тексеруге кіріскен. Мамандар демалыс орындары мен балалар лагерьлеріне басымдық береді.
Су айдындарын тексеру мен жағажайдың қауіпсіздік нормаларына сай жабдықталуы – оқыс оқиғалардың алдын алудың бір жолы. Сондықтан құтқарушылар шомылу орындарын маусымға дайындау жұмыстарын мұқият қадағалайды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО ТЖД тексерулер тиісті акті арқылы рәсімделетінін мәлімдеді.
Департамент демалыс орындары мен лагерь иелеріне шомылу орындарының нормаға сай жабдықталуын уақтылы тексеру қажеттігін ескертті. Ол үшін мекеме иелері өтініш қалдырады, кейін ШҚО ТЖД кәсіби сүңгуірлері су айдындарының түбін тегін тексеріп береді.
ТЖД тек рұқсат етілген жағажайларға бару керектігін еске салады. Ата-аналар балаларға қауіпсіздік ережесін түсіндіріп, су жағасында жалғыз қалдырмауы тиіс.