Шомылуға тыйым салатын 167 белгі орнатылды
Фото: gov.kz
ШҚО ТЖД қызметкерлері су айдындарында қаза болу жағдайларына талдау жүргізді. Өткен жылы облыс бойынша шомылу маусымында 7 адам суға батып кеткен. Биыл 2 адам суға батқан, оның біреуі – бала. Жазатайым оқиғалардың барлығы рұқсат етілмеген орындарда тіркелген.
Қазіргі таңда облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес 111 учаскеде шомылуға тыйым салынды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аталған орындарда 167 тыйым салу белгісі орнатылған. Әдетте мұндай тізімге сүңгуірлер тексермеген, ағыны қауіпті, иірімі қатты, құтқарушылар және дәрігерлер бекеті жоқ орындар кіреді.
Құтқарушылар полиция қызметкерлері және еріктілермен бірлесіп жағдайды бақылап, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін патрульдеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Өткен аптада ғана 250-ден астам профилактикалық рейд жүргізген.
Оқыс оқиғаның алдын алу үшін әкімшілік жауап та қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы бойынша 7 адам, 440-бабы бойынша 11 азамат жауапқа тартылды. Сонымен қатар жыл басынан бері 412-бап бойынша 2 жеке тұлға және 2 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Су айдындарындағы ТЖ алдын алу бойынша ТЖД демалыс базаларының иелеріне, 19 демалыс лагеріне, жергілікті атқарушы органдарға, мемлекеттік мекемелерге, жер қойнауын пайдаланушыларға және су айдындарының жағалауында орналасқан үйлердің иелеріне 34 хат жолдаған.
Төтенше жағдай кезінде «112» нөмірі бойынша хабарлау қажет.