ШҚО-да педагогтерді аттестаттаудың жаңартылған жүйесі қаңтардан бастап енгізіледі
Фото: egemen.kz
Қазіргі таңда педагогтерді аттестаттау жүйесін жетілдіру жұмысы басталып кетті. Дәлірек айтқанда, Ұлттық платформаның базасында педагогтің қызметінің нәтижелерін қалыптастыру үрдісі автоматты түрде жүргізіледі.
Оқу-ағарту министрлігі осы жұмыс туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Осы жұмыс үшін мамары айында арнайы жұмыс тобы құрылып, оған түрлі оқу орындарының педагогтері мен сарапшылар кірді.
Бiлiм берудiң барлық деңгейлері мен педагогикалық лауазымдардың ерекшелiктерiн анықтау бойынша жұмыстар жүргiзiлдi. Нәтижесінде әр білім деңгейі бойынша жеке лауазым санаты үшін бағалау критерийлері мен тиімділік көрсеткіштері әзірленді. Әр біліктілік санаты үшін белгіленген критерийлер сараланды. Бұдан басқа, сабақты бақылаудың автоматтандырылған түрі әзірленді, ол нақты сабақ мысалында сынақтан өткізілді.
Айта кетейік, педагогтерді аттестациялаудың жаңартылған жүйесі 2024 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің төрт облысында – Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылады. Жобаны толық іске асыру 2024 жылдың көктемінде басталады деп жоспарланып отыр.
Аппарат кеңесінің соңында министр Ғани Бейсембаев түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, еліміздің әрбір өңірінде ақпараттық жұмыстарды кеңінен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.