Өскеменде республикалық айтыс өтті
Елімізге танымал айтыскер ақындардың бір шоғыры Алтайдың Көкжал Барағына арналған сөз барымтасында баптары мен бақтарын сынады.
Шығыс Қазақстан төрінде өткен ақындар айтысына Мақсат Ақанов, Шұғайып Сезімхан, Біржан Байтуов, Серік Қуанған бастаған жалпақ жұртқа танымал сөз сүлейлері мен облыста оза шауып жүрген жыр жүйріктері қатысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Айтулы ақындардың басын қосқан «Қаһарлы хан батыры – Көкжал Барақ» атты республикалық сөз додасы қазақтың қабырғалы қаламгері, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлын бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Айтыстың құрметті қонағы, Қазақстанның халық әртісі, актер Досхан Жолжақсынов жиналған жұртты жыр кешінің өтуімен құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі.
Көкжал Барақ атында алғаш рет республикалық деңгейде өтіп жатқан айтысты «Көкжал Барақ» қоғамдық қоры ұйымдастырған.
Осыдан кейін сөз додасы басталып, бес жұп ақын екі айналым айтыс жасады. Олар айтысты әзілмен әрлеп, тарихпен толғап, тақырыпты тереңнен жырлап, тартысты, әдемі айтыс көрсетті. Бірнеше сағатқа созылған сөз сайысын жиналған жұрт тапжылмай отырып тамашалады.
Мәреге сүрінбей жеткен шығысқазақстандық ақын Серік Қуанған бас жүлдеге тігілген 1 млн теңгені жеңіп алды. Ал қарағандылық ақын Мақсат Ақанов І орынды қанжығаласа, жүлделі ІІ орын шымкенттік Біржан Байтуовқа бұйырды. Шығыс Қазақстан атынан шыққан тағы бір ақын Гүлжан Ықылас ІІІ орын иегері атанды. Ал айтыстың арнайы жүлдесі Алматыдан келген ақын Шұғайып Сезімханға берілді.
Осылайша, ойдан-қырдан жиналған айтыскер ақындар Көкжал Барақ батырды жырға қосып, жиналған жұртқа тамаша жыр кешін сыйлап қайтты.