ШҚО-да бүркітшілер фестивалі өтеді
24-25 қараша күндері Ұлан ауданында «Шығыс салбурыны-2023» халықаралық бүркітшілер фестивалі өтеді. Түз тағысын туризмнің тетігіне айналдырған Бозанбай ауылында бұған дейін де бірнеше рет бүркітшілер тойы өткен болатын.
Осыған дейін бүркітшілер фестивалін республикалық деңгейде өткізген Ұлан ауданы биылғы салбурынды халықаралық деңгейде қарсы алмақ. Алдағы қарашада өтетін фестивалға Монғол, Қытай, Түркі, Қырғызстан, Венгрия, Испания, Хорватия, Словакия, Португалия, Ресей елдерінен және Қазақстанның түкпір түкпірінен құсбегілер келіп қатысады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Сонымен қатар шараға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Республикалық «Қыран» федерациясы» Қоғамдық қорының вице-президенті Мүптекеқызы Бағдатхан және әлемге танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы да қатыспақ.
Биылғы фестивальға 50 бүркіт, 10 сұңқар және 30 тазы қатысады. Жарыстың ережесіне сай құсбегілерде ыңғайлы, ұлттық киім, ал қыран құсқа қажетті құрал-жабдықтар (биялай, жемқалта, томаға, балдақ, түтік, сүңгі, балақбау, іргебау – әр құсбегіде, шырға, жемаяқ, тұғыр – әр қатысушыда) болу керек. Әдеттегідей жарыс қыран құсты қолға шақыру, шырғаға салу, қоянға салу, түлкіге салу, сұңқарды кептерге салу түрлері бойынша өтеді. Тазы иттерді 1 км қашықтыққа жүгіртеді. Той өтетін жерге 17 киіз үй құрылып, дастархан жайылмақ.
Фестиваль 24 қараша күні басталып, ашылу салтанаты өтеді, ал 25 қараша күні қорытындысы шығарылады. Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастыру алқасының дипломы, кубок, медаль және қаржылай сыйлық тапсырылады.