Құтқарушылар көлікті қысқы кезеңге қалай дайындау керектігін түсіндірді

Фото: gov.kz
ШҚО ТЖД мамандары көлікті қысқы кезеңге дайындауға мұқият болған жөн екенін айтып отыр.
Осыған орай құтқарушылар көлікті қысқы кезеңге дайындау туралы бірқатар кеңес жариялады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мамандар көлікті аязға төтеп беріп, қиындық тудырмайтындай дайындау керек. Ол үшін ең алдымен көліктің ақауы жоқтығын тексеріп алу керек. Тежегіштің дұрыс жұмыс істеуін тексеріп, төмен температураға арналған май құйып, қысқы дөңгелек салу керек. Алыс жолға шығарда межелі жердегі ауа райы туралы біліп, жолдың жай-күйін ескеру қажет. «Дәрмен» қосымшасын жүктеп, қажетті ақпаратты алдын ала біліп отыруға болады.
Сонымен қатар кез келген жағдайға дайын жүру артық болмайды. Көлікке трос, апаттық тоқтау белгісі, балта, арнайы сым, қосымша жанармай, күрек, қолшам және әйнектегі мұзды ерітетін сұйықтық, арнайы қолғап алу қажет. Жолға шығарда міндетті түрде жылы заттар, азық және тіскебасар жинап алу қажет. Одан өзге қуаты толы телефон мен power bank алып, эвакуатор қызметін көрсететін мекемелердің нөмірін жазып алу қажет.
Жолға шығарда барар бағыт туралы жақын адамдарға ескерту қажет. Жол бойы байланысты үзбеген жөн.
Ал көлікті қысқа сай жабдықтамаған жағдайда ескертуге мән бермей, жолға шығып кетуге болмайды.