ШҚО-да тұрақтандыру қоры көкөніс сатуды бастайды
Өңірімізде күз жауын-шашынды болды, бұл ылғал фермерлерге жазда аса қажет еді. Осылайша, ауыл шаруашылығы саласы жаңа сын-қатерге тап болды. Дей тұрғанмен бірнеше күннен кейін бағаны тұрақтандыру бағдарламасы аясында көкөніс өнімдерін сату басталады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру операторы болып саналатын «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның жеткізушісі – «Приречное» агрофирмасы» ЖШС. Аталмыш корпорация мен өнім беруші арасында жасалған шарт бойынша соңғы бірнеше жылда дәстүрлі түрде көкөніс өнімдерін сату ісі қараша айынан басталып жүр.
Бүгінгі таңда «Приречное» агрофирмасының алқаптарында өнімнің қалған бөлігін жинау бойынша қарқынды науқан жүріп жатыр. Қолайсыз ауа райы тез әрекет етуге итермеледі, басты міндет – өнімді сақтау, одан әрі – тұрақтандыру нүктелеріне жеткізу. Арнайы техника дәрменсіз болған жерлерде барлық жұмыскерлерді тарта отырып, қолмен жинауға тура келді.
Компания басшылығы «Ертіс» корпорациясын келісімшарт аясындағы көкөніс өнімдерінің жуық арада жеткізілетіні туралы хабардар етті. Қазірдің өзінде ӘКК 5,5 тонна өнімге өтінім жолдап отыр.
Айта кетерлігі, өңір нарығында көкөніс өнімдерінің әлеуметтік маңызды түлері бойынша бағаның күрт өсуі байқалмайды. Жақын арада тұрақтандыру қоры дүңгіршектерінің сөрелерінде қырыққабат (келісі 100 тг), картоп (120 теңге), сәбіз (120 теңге) және пияз (110 теңге) пайда болады.