Ақжар ауылының орталық жылу желілері толық жаңғыртылады – ШҚО
Тарбағатай ауданының орталығы – Ақжарда жылу желілерін толық жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. 2025–2027 жылдарға жоспарланған ауқымды жұмыс нәтижесінде 25 бюджеттік мекеме мен 18 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілмек, деп хабарлайды Aitainews.kz тілшісі.
Ауданның даму бас жоспары аясында қолға алынған жоба жаңа тұрғын аудандарды, әлеуметтік нысандарды салумен қатар, ең алдымен инфрақұрылымды кешенді дамытуға бағытталған. Ақжар ауылының Зайсан ауданы жақ бөлігінде жүзеге асырылып жатқан жоба толық жүзеге асқанда, орталық жылытуға қосылған нысандардың шығыны азайып, қазіргі жүйеге түсетін жүктеме төмендейді. Жалпы қуаты – 9,498 МВт.
Құрылысқа тапсырыс беруші – Тарбағатай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік мекемесі. Техникалық қадағалауды «QazSauran» ЖШС, авторлық қадағалауды «Градопроект» ЖШС жүзеге асырады. Бас мердігер – «AN Groups» ЖШС.
Сонымен қатар, осы жылы Ақжар ауылында 30 және 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталмақ. Бұл ауданға жас мамандарды тартуға және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы Ақжар ауылында жаңа тұрғын аудандарды дамытуға, әлеуметтік нысандардың жұмысын жақсартуға және елді мекеннің жалпы өмір сапасын арттыруға негіз қалануда. Жобалардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асуы ауылдың алдағы жылдардағы даму бағытын айқындамақ.
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жәнібек Ырысбай



