ШҚО-дағы Достық үйінің негізін қалаған Лео Шик өмірден өтті
2023 жылғы 2 қарашада тоқсан жасқа қараған шағында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Өскемен қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің құрметті төрағасы, облыстық Достық үйінің негізін қалаушы Лео Богданович Шик өмірден өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Ол ұзақ және қызықты өмір сүрді және ғұмырының соңына дейін этносаралық келісім мен Қазақстан халқының достығын нығайту жөніндегі тың идеялардың бастамашысы болды.
Шик Лео Богданович 1934 жылғы 30 сәуірде Сталинград (қазіргі Волгоград) облысы, Николаев ауданы, Барановка ауылында Шик Богдан Богдановичтің отбасында дүниеге келген. Кейінірек отбасы Еділ бойындағы немістердің автономиялық кеңестік социалистік республикасына көшіп, 1941 жылы Алтай өлкесіне жер аударылды. 1942 жылы анасы қайтыс болды. 1947 жылы әкесі Лео Богдановичті Тула облысына алып кетті, онда ол «Тула уголь» комбинаты шахталарының бас бухгалтері болып еңбек етті.
1954 жылдан бастап Лео Богданович Шығыс Қазақстан облысында тұрды. 1956 жылы Өскемен педагогикалық училищесін бітіріп, Разин және Шемонаиха балалар үйлерінің тәрбиешісі, оқу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Сол кезеңде Шемонаиха аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
1965 жылы Алматы шет тілдері институтын сырттай бітірді. 1963 жылға дейін Ю. Гагарин атындағы мектепте неміс тілінің оқытушысы болып қызмет атқарды, содан кейін партиялық бағыттағы түрлі лауазымдарда қызмет етті: нұсқаушы, саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, Үлкен Нарын аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан КП Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің лектор-кеңесшісі.
1986-1995 жылдары облыстық кинофильмдер басқармасының басшысы болып еңбек етті. 1992 жылы Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінің құрылуына бастамашы болды.
1995 жылдан бастап он жылдан астам Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, «Достық» орденімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алтын медалімен» марапатталған.
Оның жарқын бейнесі өзінің бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнаған ардақты жан ретінде туыстары мен жақындарының жүрегінде мәңгі қалады.