Көкөністер бағаны тұрақтандыру бағдарламасының талабына сай бағамен сатылып жатыр
Фото: egemen.kz
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бағаны тұрақтандыру бағдарламасы бойынша қараша айының басынан бері 50-ден астам сауда орнында көкөніс сатуды бастады.
Мұндай павильондарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын көкністердің құны келісіне 100-120 теңге болуы тиіс, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
2023-2024 жылдардағы маусымаралық кезеңде көкөністердің құны төмендегідей болады:
Картоп пен сәбіздің келісі 120 теңге, пияз — 110 теңге, капуста — 100 теңге болады.
Көкөністен басқа, павильондарда күнбағыс майы, қант та сатылады.
Қанттың келісі 459 теңге, қарақұмық — 320 теңге, күнбағыс майы — 630 теңге, макарон — 285 теңге, күріш — 460 теңге болуы тиіс.
Бүгінгі таңда Өскеменде бағаны тұрақтандыру бағдарламасы бойынша ашылған 23 павильон жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның арасында жасалған меморандумның аясында көкөніс өнімдерін үстемеақысыз сататын тағы 33 серіктес дүкен бар. Өнімді «Приречное» агрофирмасы жеткізеді.
Дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда өнім көлемі жеткілікті болғандықтан өніммен қамту үшін қосымша келісім шарт жасау қарастырылмайды. Биыл келісімшарт бойынша 9 мың тонна өнім жеткізілуі керек екен.
Бүгінгі таңда үстемеақысыз өнім сатуға ниет білдірген кәсіпкерлермен келісімшарт жасасу жалғасып жатқан көрінеді.
Тұрақтандыру қорының павильондарында үстемеақы қосып сатқан жағдайда арыз түсіруге болатын органдардың нөмірі көрсетіледі.