Спорт мектептерінің директорларын тағайындау бойынша ашық конкурс өтті – ШҚО
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығы спорт мектептерінің директорларын ашық түрде таңдауға шешім қабылдап, бос лауазымдарға ашық конкурс өткізді.
Арнайы комиссия ашық конкурс арқылы Қажымұқан атындағы олимпиадалық резервтің Шығыс Қазақстан облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, су спорты түрлері бойынша облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және Шемонаиха ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорлары лауазымдарына ұсынылатын үміткерлерді анықтады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Тоғыз адамнан тұратын конкурстық комиссия жарияланған бос лауазымдар бойынша үміткерлермен әңгімелесті.
Комиссия құрамына спорт ардагерлері, Әдеп жөніндегі кеңес, облыстық кәсіподақ өкілдері, денешынықтыру және спорт басқармасының мамандары, сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің Риддер қаласындағы Олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің заңгері кірді.
Үміткерлер спорт саласындағы мемлекеттік саясат, спорт саласындағы жеке тұлғалардың құқықтары, еңбек ұжымдарындағы қатынастар, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері қызметінің қаржылық және әкімшілік аспектілеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Айта кетсек, конкурс еңбек заңнамасы мен үлгілік ережелер негізінде өткізіліп, ұсынымдық сипатта болады.
Автор: Айжанат Бақытқызы